Түркияда қару-жарақ зауыты жарылып, 12 адам қаза тапты

Сырым Қаржас

Түркияның батысындағы Балыкесир провинциясындағы жарылғыш заттар зауыты жарылып, 12 адам қаза тапты. Тағы үшеуі жарақат алды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz порталы Азаттыққа сілтеме жасап.

Шартты сурет

Куәгерлердің айтуынша, жарылыстың қатты болғаны соншалық, оны көрші ауылдың тұрғындары да сезінген. Жарылыстан кейін ғимараттың төбесі құлаған. Үйінділердің астындағы адамдар әлі іздестіріліп жатыр. Құтқару операциясына 112 жедел жәрдем бригадасы мен өрт сөндірушілер жұмылдырылған. Жарылыс өндіріс цехында болған. CNN хабарлауынша, зауытта бір ауысымда 20 адам жұмыс істейді. Жаңа жарылыс қаупі жоқ, деп хабарлады провинция губернаторы Исмаил Устаоғлы.

Жарылысқа не себеп болғаны әлі белгісіз. Бірақ өңір басшысының айтуынша, диверсия жайлы әңгіме жоқ. Прокурорлар тергеуді бастады.

Кәсіпорынның веб-сайтына сәйкес, зауытта, басқалармен қатар, аң аулау мен спортқа арналған оқ-дәрілер және азаматтық пайдалану үшін жарылғыш заттар шығарылады.