Такси қызметімен заңсыз айналысқан 95 шетелдік жүргізушісі елден шығарылды

Ғалиасқар Думан

Астанада полиция қызметкерлері мобильді қосымшаларды пайдаланып, заңсыз жолаушы тасымалымен айналысқан шетелдік азаматтарды анықтау мақсатында «Заңсыз келуші-таксист» жедел алдын алу шарасын ұйымдастырған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz порталы Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

polisia.kz

Шара барысында көші-қон заңнамасын бұзған 95 шетелдік анықталып, олардың барлығы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Соның ішінде 42 адамға қатысты сот шешімі шығып, олар елден шығарылған.

Сонымен қатар шетелдік жұмыс күшін заңсыз тартумен айналысқан 34 жұмыс беруші анықталған. Олардың кейбірі тиісті рұқсатсыз автокөліктерді жалға берген.

Заңнамаға сәйкес, шетел азаматтары тек визаларында көрсетілген мақсаттарға сай немесе жергілікті атқарушы органдардан алынған рұқсат негізінде еңбек қызметін жүзеге асыруы тиіс.

Бұған дейін Келесі жылдан бастап жеке тасымалдаушы ретінде тіркелген жеке тұлғаларға ғана тапсырыстар берілетіні хабарланған.

Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаевтың айтуынша, Көлік министрлігімен бірлесіп, автотасымал түрін жүзеге асыру үшін өз бағдарламаларын ұсынатын компаниялармен меморандумдар жасалған.

«Меморандум аясында жүргізушілерге, еңбек және демалыс режимін сақтауына, медициналық тексеруден өтуіне, жолаушылар мен багажды тасымалдау ережелеріне қойылатын талаптар күшейтіледі. Интернет-агрегаторлар осы кезде қосымшаларының жұмысын пысықтап жатыр, ал 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап интернет-агрегатордың иелері жеке тасымалдаушы ретінде тіркелген жеке тұлғаларға ғана тапсырыстар беретін болады», – деген спикер ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.

Көрсетілген талаптар орындалмаған жағдайда интернет-агрегаторлардың иелері жеке тасымалдаушыға тапсырыс бермеуге міндетті болады.