Бүгін Ақтауда жолаушылар ұшағы апатына байланысты өткен баспасөз брифингінде вице-премьер Қанат Бозымбаев ұшақтың бортындағы ықтимал шабуыл іздері туралы ақпаратқа түсініктеме берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұған дейін ғаламторда құлаған ұшақтың артқы бөлігінде оқ іздеріне ұқсайтын белгісіз тесіктердің видеосы пайда болған. Осы мәселеге байланысты БАҚ өкілдері брифингте Бозымбаевқа сұрақ қойды.
«Ведомствоаралық тергеу тобы құрылды. Менімен бірге сот сарапшылары да, біздің Авиация әкімшілігінің сарапшылары да келді. Дәл осы әуе апаты зерттеліп жатыр. Қылмыстық іс аясында олар барлық дәлелдемелерді жинап, қажетті сараптама жүргізіп, тиісінше құлау себебін анықтамақ. Қара жәшіктің жазбаларын зерттейді. Әрине, біз оны жариялаймыз. Мәлімдеме жасауға әлі ерте», – деп жауап берді Қанат Бозымбаев.
Премьер-министрдің орынбасары Embraer 190 ұшағының апатқа ұшырауының алдын ала себебін де атамады.
«Тіпті алдын ала себебін анықтау мүмкін емес, өйткені бұнымен айналысатын мамандары бар. Жұмыс жүргізеді. Сосын бәрі анықталады. Мен қазір ешнәрсе айта алмаймын. Адамдардың не жазып жатқанын қарадым... Ол жерге құлап, аударылып жатқанда, көп нәрсе болуы мүмкін еді. Сондықтан мен қандайда бір қорытынды жасаудан аулақпын. Мамандардың жұмыс істеуіне мүмкіндік беріңіздер», – деді ол.
ҰШАҚ АПАТЫ ТУРАЛЫ
Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев ұшақ апатынан 38 адам қаза тапқанын ресми мәлімдеді.
Желтоқсанның 25-і күні Бакуден Грозныйға ұшқан Azerbaijan Airlines әуе компаниясының жолаушылар ұшағы Ақтау маңында апатқа ұшырады.
Azerbaijan Airlines авиакомпаниясының деректері бойынша бортта 5 экипаж мүшесін қоса алғанда 67 адам болған. Жолаушылардың арасында: 6 Қазақстан азаматы, 42 Әзірбайжан азаматы, 3 Қырғызстан азаматы, 16 Ресей азаматы.
ТЖМ апатқа ұшыраған ұшақтағы адам саны туралы түпкілікті ақпаратты жариялады. Оқиға салдарынан 29 адам, оның ішінде 2 бала ауруханаға жатқызылды. Оның ішінде 15 Әзірбайжан азаматы, 9 Ресей азаматы, 2 Қырғызстан азаматы, 3 адамның азаматтығы анықталуда.
Ақтау маңында жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай режимі жарияланып, кинологтар іске кірісті.