Ұшақ апатынан көз жұмған Жаңаөзен тұрғынының артында алты баласы қалды

Сырым Қаржас

Ақтаудағы ұшақ апатынан қаза болғандардың ішінде Жаңаөзен тұрғыны бар, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia коллажы

Ulysmedia.kz порталының ақпараты бойынша, ол азаматтың есімі – Жұмағұлов Бауыржан Жұмабекұлы. Жаңаөзен қаласының тұрғыны. Ол “ӨзенМұнайГаз” компанияында жұмыс істеген. Артында алты баласы қалды. Ол бұрын Ақтау-Баку бағытына ұшып кеткен.

Ұшақта қаза болғандардың ішінде бұған дейін Қазақстанның бірнеше азаматы бар екені хабарланған. Олардың біреуі Ақтау, біреуі Жаңаөзен тұрғыны екені белгілі болып отыр. Тағы екеуі Астана тұрғындары – белгілі нотариус пен оның ұлы.

ҰШАҚ АПАТЫ ТУРАЛЫ

25 желтоқсан күні Ақтауда Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан Әзербайжанның ұшағы апатқа ұшырады. Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев ұшақ апатынан 38 адам қаза тапқанын ресми мәлімдеді.

Azerbaijan Airlines авиакомпаниясының деректері бойынша бортта 5 экипаж мүшесін қоса алғанда 67 адам болған. Жолаушылардың арасында: Қазақстанның 6 азаматы, Әзербайжанның 42 азаматы, Қырғызстаннан 3, Ресейден 16 азамат бар.

ТЖМ апатқа ұшыраған ұшақтағы адам саны туралы түпкілікті ақпаратты жариялады. Оқиға салдарынан 29 адам, оның ішінде 2 бала ауруханаға жатқызылды. Оның ішінде 15 Әзірбайжан азаматы, 9 Ресей азаматы, 2 Қырғызстан азаматы, 3 адамның азаматтығы анықталуда.

Ақтау маңында жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай режимі жарияланып, кинологтар іске кірісті.