Бакуден Грозныйға ұшқан Azerbaijan Airlines әуе компаниясына тиесілі Embraer 190 жолаушылар ұшағы апатының тергеу жұмыстарына байланысты Ақтауға бразилиялық Embraer компаниясының мамандары келетін болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы бүгін Ақтауда болған брифингте Үкімет басшысының орынбасары Қанат Бозымбаев хабарлады.
“Олармен бірге Бразилияның авиациялық оқиғаларды тергеу және алдын алу орталығының өкілдері келеді”, деді Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев.
Әзербайжан мемлекеттік азаматтық авиация агенттігінің делегациясы, сондай-ақ Әзербайжан әуе жолдарының (AZAL) өкілдері Қазақстанға келіп қойды.
Бозымбаев сондай-ақ ұшақ апатына не себеп болғаны туралы нұсқаларды нақты айту әлі ерте екенін айтты.
«Бірқатар сараптамалар тағайындалды, соның ішінде біз нәтижелерді алғанша ештеңе айта алмаймыз немесе қорытынды жасай алмаймыз, бүгінге дейін не Ресейден, не Әзірбайжаннан ешқандай нұсқа келген жоқ», – деді ұшақ апатын тергеу жөніндегі үкіметаралық комиссияның жетекшісі.
ҰШАҚ АПАТЫ ТУРАЛЫ
Желтоқсанның 25-і күні Бакуден Грозныйға ұшқан Azerbaijan Airlines әуе компаниясының жолаушылар ұшағы Ақтау маңында апатқа ұшырады.
Azerbaijan Airlines авиакомпаниясының деректері бойынша бортта 5 экипаж мүшесін қоса алғанда 67 адам болған. Жолаушылардың арасында: 6 Қазақстан азаматы, 42 Әзербайжан азаматы, 3 Қырғызстан азаматы, 16 Ресей азаматы.
ТЖМ апатқа ұшыраған ұшақтағы адам саны туралы түпкілікті ақпаратты жариялады. Оқиға салдарынан 29 адам, оның ішінде 2 бала ауруханаға жатқызылды. Оның ішінде 15 Әзірбайжан азаматы, 9 Ресей азаматы, 2 Қырғызстан азаматы, 3 адамның азаматтығы анықталуда.
Ақтау маңында жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай режимі жарияланып, кинологтар іске кірісті.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев, Қазақстан Республикасының ТЖ министрі Шыңғыс Әрінов, Қазақстан Республикасының Көлік министрі Марат Қарабаев және Қазақстан Республикасының ТЖ вице-министрі Кеген Тұрсынбаев, сондай-ақ үкіметтік комиссия мүшелері ТЖ орнына келді. Сонымен қатар Әзербайжан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі генерал-полковник Кямаладдин Фаттах оглы Гейдаров ТЖ орнында.