Вице-премьер Қанат Бозымбаев түрлі басылымда тараған соңғы ақпаратқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Біз Әзербайжандағы әріптестерімізбен үнемі байланыстамыз. Бізге әлі ешкім нақты нұсқасын айтқан жоқ, ресми түрде біз Ресейден де, Әзербайжаннан да ешқандай нұсқаны алған жоқпыз. Дәл қазір ресми нұсқа жоқ. Сондықтан біз қандай да бір ақпаратты растай да, жоққа да шығара алмаймыз», - деді баспасөз мәслихатында.
Еске сала кетсек, біз бұған дейін Embraer-190 «қара жәшіктерін» зерттеу бразилиялық сарапшылар Ақтауға келгеннен кейін ғана басталатынын хабарлағанбыз. Бұл туралы 26 желтоқсанда өткен брифингте Азаматтық авиация комитетінің басшысы Талғат Ластаев мәлімдеген еді.
Сондай-ақ Қанат Бозымбаев Ақтауға Embraer компаниясының өкілдері келетінін жеткізген.
АҚТАУ МАҢЫНДАҒЫ АПАТ
25 желтоқсан күні Ақтау қаласының маңында Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының Бакуден Грозныйға бағыт алған жолаушылар ұшағы апатқа ұшырап, 38 адам қаза тапты.
Бортта 5 экипаж мүшесін қоса алғанда 67 адам болған. Жолаушылардың 6-ауы Қазақстан, 42-сі Әзербайжан, 3-еуі Қырғызстан, 16-сы Ресей азаматы.
29 адам жарақат алып, ауруханаға жатқызылды, олардың арасында екі бала бар. Апаттан аман қалғандар арасында қазақстандықтар жоқ.
Төтенше жағдайлар министрлігі Ақтау маңындағы ұшақ апаты кезінде қаза тапқан қазақстандықтардың тізімін жариялады.
Ұшақ апатына байланысты қылмыстық іс ашылып, қайғылы оқиғаның себеп-салдарын тексеру үшін Үкіметтік комиссия құрылды.