Ақтауда өткен брифингте ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев ұшақ апатын кімдер тергеп жатқанын айтып, арнайы комиссия жұмысының алғашқы мәліметтерімен бөлісті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Министрдің айтуынша, тергеуге бірнеше елдің мамандары, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысуда.
«Тергеу жұмыстарын ҚР Көлік министрлігі Көліктегі оқыс оқиғалар мен оқыс оқиғаларды тергеу департаментінің мамандары кіретін арнайы комиссия жүргізіп жатыр. Сонымен қатар Әзербайжанның авиациялық сарапшылары, ұшақты өндіруші ел Бразилияның авиациялық билігінің мамандары, сондай-ақ рейс бағыт алған ел ретінде Ресейдің өкілдері тартылды», деді Қарабаев.
Министр Қазақстан тергеудің барынша ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз ету үшін Халықаралық азаматтық авиация ұйымымен (ИКАО) өзара етене іс-қимыл жасап жатқанын атап өтті.
«Біз ИКАО-мен тығыз байланыстамыз. Қауіпсіздік стандарттарының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында қазақстандық әуе компанияларын да жоспардан тыс тексерулер басталды», - деп толықтырды ол.
Сондай-ақ Қарабаев қазақстандық әуе компаниялары Embraer ұшағын пайдаланбайтынын атап өтті.
АҚТАУ МАҢЫНДАҒЫ АПАТ
25 желтоқсан күні Ақтау қаласының маңында Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының Бакуден Грозныйға бағыт алған жолаушылар ұшағы апатқа ұшырап, 38 адам қаза тапты.
Бортта 5 экипаж мүшесін қоса алғанда 67 адам болған. Жолаушылардың 6-ауы Қазақстан, 42-сі Әзербайжан, 3-еуі Қырғызстан, 16-сы Ресей азаматы.
29 адам жарақат алып, ауруханаға жатқызылды, олардың арасында екі бала бар. Апаттан аман қалғандар арасында қазақстандықтар жоқ.
Төтенше жағдайлар министрлігі Ақтау маңындағы ұшақ апаты кезінде қаза тапқан қазақстандықтардың тізімін жариялады.
Ұшақ апатына байланысты қылмыстық іс ашылып, қайғылы оқиғаның себеп-салдарын тексеру үшін Үкіметтік комиссия құрылды.