Маңғыстауда кен орнында мұнайшы қаза тапты. Әріптестері үндеу жолдады

Ғалиасқар Думан

Солтүстік Бозашы кен орнының NB-10107-4H ұңғымасында мұнай және газ өндіру операторы, 4-разрядты қызметкер Ахметов Досан қайғылы жағдайға тап болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Видеодан кадр

МӘН-ЖАЙЫ

Кенші 24 желтоқсан күні сағат 11:15-те жұмыс істеп тұрған мұнай сорабының жанынан тіршілік белгісі жоқ күйінде табылған. Бұл туралы Маңғыстау облысы мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Нұралы Баулыбаев мәлім етті.

Lada.kz басылымының жазуынша, 25 желтоқсанда қайғылы оқиғаны тергеу комиссиясы оқиға орнына барған. Онда оқиға болған сәтте жақын маңда болған куәгерлерден сұрақ-жауап алынған. Мұнай сорабына қатысты техникалық құжаттар зерттеліп, қазаныың себептері анықталуда.

КЕНШІЛЕР ҮНДЕУІ

Қаза тапқан мұнайшының әріптестері әлеуметтік желіде бейнеүндеу жариялады. Жұмыс орындарындағы қауіпсіздік мәселелеріне алаңдаушылық білдіріп, саладағы тәртіпке күмән келтірді. Олардың сөзінше, қайтыс болған кенші үш баланың әкесі болған, оның үлкені сырқат, ал кенжесіне небәрі бір жаста.

«Жұмыс орындарындағы қауіпсіздік күмән тудыратын жағдайда біз үнсіз қала алмаймыз. Біз «Бозашы Оперейтинг» компаниясының бас директорының қатысуымен осы оқиғаның себептерін талқылап, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету бойынша қажетті шараларды әзірлеу үшін кездесу өткізуді талап етеміз, – делінген бейнежолдауда.

Кен орнының жұмысшылары Маңғыстау облысының әкімін, прокуратураны, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрін оқиға орнына келуді, еңбек жағдайын жақсартуға ықпал етуде талап етті.

Аймақтық полиция департаментінің мәліметінше, кен орнында мұнайшының қаза табуына байланысты ҚР ҚК 156-бабы «Еңбекті қорғау ережелерін бұзу» бойынша қылмыстық іс қозғалған.

АНЫҚТАМА

Солтүстік Бозашы кен орнына иелік ететін Buzachi Operating LTD – Қазақстандағы Солтүстік Бозашы кен орнын игеретін мұнай компаниясы. Негізгі акционері — Қытайдың CNPC корпорациясы.

Еске сала кетейік, бұған дейін Ulysmedia редакциясы қытай компанияларының Қазақстан нарығына 1997 жылы келгенін жазған болатын. Сол жылы CNPC "Ақтөбемұнайгазды" (Жаңажол, Кенқияқ) сатып алды. 2001 жылы CNPC Buzachi Operating Ltd-тің (Солтүстік Бозашы) 50%-ын, 2006 жылы PetroKazakhstan-ды, ал қытайлық CITIC тобы "Қаражанбасмұнайдың" (Қаражанбас) 50%-ын иеленді. 2009 жылы CNPC "Маңғыстаумұнайгаздың" 50%-ын, ал 2013 жылы CNPC "ҚазМұнайГаздан" Қашаған жобасындағы ConocoPhillips-тің 16.8% үлесін сатып алды.

Қазіргі уақытта түрлі бағалаулар бойынша, Қазақстанда өндірілетін мұнайдың 40%-ға дейінгі бөлігі қытай компанияларына тиесілі.

Бұған дейін Ulysmedia дүркін-дүркін болатын еңбек дауларына не себеп, шешілмей жатқан қандай мәселе бар, ақырында бұған кім жауапты деген сұрақтарға жауап іздеп көрген.