Air Astana кінәсінен 10 жасар бала бөтен елде жалғыз қалып қойған

Ғалиасқар Думан

Белгілі қазақстандық адвокат Данильхан Шағатаев кішкентай қазақстандық Түркия әуежайында екі күн бойы жалғыз қалуға мәжбүр болған оқиға туралы айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia/ЖИ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Адвокат әлеуметтік желілерде 21 желтоқсанда он жасар бала Алматы-Анталия бағыты бойынша КС 915 рейсімен футбол жаттығуларына команда құрамында ұшып шыққанын жазды. Бала үшін Air Astana әуе компаниясының кәмелетке толмағандарды алып жүру қызметі жауапты болған.

Тіркеу, тексеру және ұшаққа отыру сәтінде баланың барлық қажетті құжаттары болды. Олар мойнына ілінген арнайы сөмкеде сақталған. Алайда Түркияға келген кезде оның паспорты жоғалғаны анықталды. Бала бұл туралы Air Astana қызметкеріне хабарлаған, бірақ паспорт табылмаған.

Құжаты болмағандықтан, бала паспорттық бақылаудан өте алмай, депортацияға арналған арнайы бөлмеге жіберілген. Ол жерде бала 21-23 желтоқсан аралығында екі күн бойы жалғыз болған, ал әуе компаниясының өкілдері оған көмектеспеген.

АДВОКАТ СӨЗІ

– Баланы жай ғана жалғыз тастап кеткен. Осы уақытта қарсы алуға келген адамдар балаға жете алмады, себебі бала транзит аймағында болған, ал бөтен адамдарды ол жерге кіргізбейді.

Баланың анасы онымен байланыста болды, бірақ бала жасына байланысты неге қорғаусыз қалғанын және неге әуе компаниясы өкілдерінің жоқ екенін түсіндіре алмады, – деді Шағатаев.

Ақырында анасы Анталиядағы Қазақстанның Бас консулдығымен байланысқа шығып, екі күннен кейін ғана балаға Қазақстанға оралуға арналған уақытша құжат ресімделген.

ҰҚСАС ОҚИҒА

Осыған ұқсас оқиға Орал тұрғыны Жазира Мусинаның басынан өткен. Әйелдің айтуынша, FlyArystan компаниясы өзінің егіз балаларының бірін бөтен қалада жалғыз қалдырып кеткен.

2024 жылғы 20 шілдеде Жазира Зере мен Зауре Ғалиеваның балалары АҚШ-тан бір топ баламен бірге сенімді адамның қарауында Оралға оралған. Астана арқылы ұшпақ болғанында тіркеу кезеңінде проблемалар туындаған. FlyArystan қызметкерлері Заурені рейске тіркеп, бірақ оның әпкесі Зерені тіркеуден бас тартқан. Сөйтіп өзге балалар ұшып кетіп, Зере Астана әуежайында жалғыз қалып қойған. Кейін Fly Arystan қызметкерлері жас баланы ұшаққа кіргізбегені үшін 3 млн теңгеден астам айыппұл салынғаны белгілі болды.