Путин Әзербайжан президенті Әлиевке қоңырау шалып, кешірім сұрады

Сырым Қаржас

Ресей президенті өз бастамасымен Әлиевке қоңырау шалып, AZAL жолаушылар ұшағының апатын талқылады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Кремль баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ulysmedia коллажы

Әңгіме барысында Ақтау қаласы маңында Әзербайжан әуе жолдарының жолаушылар ұшағы апатқа ұшырауына қатысты мәселелер жан-жақты талқыланғаны айтылды.

Сондай-ақ Путин қайғылы оқиғаның ресейлік әуе кеңістігінде болғанына өкініш білдіріп, кешірім сұраған. Қаза тапқан азаматтардың отбасыларына көңіл айтқан.

“Әңгіме барысында кесте бойынша ұшатын Әзербайжанның жолаушылар ұшағы Грозный әуежайына бірнеше рет қонуға әрекеттенгені айтылды. Бұл кезде Грозный, Моздок және Владикавказға украиналық жауынгерлік ұшқышсыз ұшатын аппараттар шабуыл жасады, ал ресейлік әуе қорғаныс жүйелері бұл шабуылдарға тойтарыс берді”, деп жазды Кремль баспасөз қызметі.

Одан бөлек Ресейдің Тергеу комитеті аталған іс бойынша қылмыстық іс қозғағаны және алғашқы тергеу әрекеттері жүргізіліп, азаматтық және әскери мамандардан жауап алынғаны айтылды.

Еске сала кетсек, бүгін Әзербайжан мемлекеттік телеарнасы Ресейді кешірім сұрауға шақырған. 

EURONEWS: ҰШАҚТЫ РЕСЕЙ ЗЫМЫРАНЫ АТЫП ТҮСІРГЕН

Euronews бұған дейін Ақтау маңында апатқа ұшыраған ұшақ ресейлік зымыраннан атылғанын мәлімдеген еді. Басылым Әзербайжан үкіметіндегі дереккөздерге сүйеніп, апат Грозный үстінде ресейлік зымыраннан атқаннан болған деп жазады сенімді түрде. Осындай нұсқаны әлемдік БАҚ-тар да жарыса жазып жатыр.

АҚТАУ МАҢЫНДАҒЫ АПАТ

25 желтоқсан күні Ақтау қаласының маңында Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының Бакуден Грозныйға бағыт алған жолаушылар ұшағы апатқа ұшырап38 адам қаза тапты.

Бортта 5 экипаж мүшесін қоса алғанда 67 адам болған. Жолаушылардың 6-ауы Қазақстан, 42-сі Әзербайжан, 3-еуі Қырғызстан, 16-сы Ресей азаматы. 29 адам жарақат алып, ауруханаға жатқызылды, олардың арасында екі бала бар. Апаттан аман қалғандар арасында қазақстандықтар жоқ. Төтенше жағдайлар министрлігі Ақтау маңындағы ұшақ апаты кезінде қаза тапқан қазақстандықтардың тізімін жариялады. Ұшақ апатына байланысты қылмыстық іс ашылып, қайғылы оқиғаның себеп-салдарын тексеру үшін Үкіметтік комиссия құрылды.