Кореядағы апат: ұшақ құстарға соғылған болуы әбден мүмкін – кореялық БАҚ

Сырым Қаржас

181 адамның өмірін жалмаған Оңтүстік Кореядағы Jeju Air әуе компаниясына тиесілі ұшақ апатының алғашқы себебі анықтала бастады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz. 

Видео кадры

Кореяның ақпарат құралдары мен әлеуметтік желісінде тараған видеода ұшақ қозғалтқышынан санаулы секундқа өрт шығып, қайта сөнгені анық көрінеді.

Соған қарағанда ұшақ құстарға соғылып, бір қозғалтқышы істен шыққан болуы әбден мүмкін деген болжам айтылып жатыр.

Еске сала кетсек, бүгін таңертең Таиландтың астанасы Бангкоктан Оңтүстік Кореяға бағыт алған ұшақ апатқа ұшырап, борттағы 181 адамның 179-ы қаза тапты.

АМАН ҚАЛҒАН ЕКІ АДАМ

Оңтүстік Кореяда басылымдардың хабарлауынша, аман қалған екі адамның бірі жолаушы, екіншісі экипаж мүшесі. Екеуі де ұшақтың артқы бөлігінде отырған. Екеуі де ауруханада жатыр. 

Ұшақта болған азаматтардың көбі, нақтырақ айтқанда 173-і Оңтүстік Кореяның азаматы. Екеуі Таиланд азаматы.

Корея телевидениесі ұшақ қоршауға соқтығысқаннан кейін қалай жарылғанын көрсетті. Отқа оранған ұшақ екіге бөлініп кеткен.

ОҢТҮСТІК КОРЕЯДАҒЫ АПАТ

Муанда (Сеулден 288 шақырым жерде) ұшақ апатынан екі адамды қоспағанда, борттағы барлық адам көз жұмғанын бұған дейін хабарлаған едік. Бортында Бангкоктың 181 жолаушысы болған Jeju Air авиакомпаниясының ұшағы таңғы сағат 9:07-де Муан халықаралық әуежайына қонуға тырысып, ұшу-қону жолағынан шығып кетіп, қоршауға соқтығысқан. Әуелі кем дегенде 28 адам опат болып, тағы бірнеше адам жарақат алғаны хабарланған еді. Кейін борттағы адамдардың көбі дерлік аман қалмағаны белгілі болды.

Әуежай билігі ұшақ апат болған кезде шассидің дұрыс жұмыс істемеуіне байланысты пилот апаттық жағдайда қонуға тырысқанын хабарлады. Бірақ ол әрекет сәтсіз аяқталған. Қоршауға соғылған ұшақ жарылып, өртеніп кеткен. Куәгерлер ұшақтың шассиі, мысалы, дөңгелегі дұрыс шықпай қалғанын көргенін айтады. Апатқа жайсыз ауа райы немесе құстармен соқтығысу себеп болуы мүмкін. 

АҚТАУ МАҢЫНДАҒЫ АПАТ

25 желтоқсан күні Ақтау қаласының маңында Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының Бакуден Грозныйға бағыт алған жолаушылар ұшағы апатқа ұшырап, 38 адам қаза тапты. Бортта 5 экипаж мүшесін қоса алғанда 67 адам болған. Жолаушылардың 6-ауы Қазақстан, 42-сі Әзербайжан, 3-еуі Қырғызстан, 16-сы Ресей азаматы.

29 адам жарақат алып, ауруханаға жатқызылды, олардың арасында екі бала бар. Апаттан аман қалғандар арасында қазақстандықтар жоқ. Төтенше жағдайлар министрлігі Ақтау маңындағы ұшақ апаты кезінде қаза тапқан қазақстандықтардың тізімін жариялады.

EURONEWS: ҰШАҚТЫ РЕСЕЙ ЗЫМЫРАНЫ АТЫП ТҮСІРГЕН

Euronews бұған дейін Ақтау маңында апатқа ұшыраған ұшақ ресейлік зымыраннан атылғанын мәлімдеген еді. Басылым Әзербайжан үкіметіндегі дереккөздерге сүйеніп, апат Грозный үстінде ресейлік зымыраннан атқаннан болған деп жазады сенімді түрде. Осындай нұсқаны әлемдік БАҚ-тар да жарыса жазған.

Ресей президенті өз бастамасымен Әлиевке қоңырау шалып, Әзербайжан басшысынан кешірім сұраған.