Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы (ІАТА) 2024 жылғы 25 желтоқсанда болған «Әзербайжан әуе жолдарының» 8243 рейсінің қайғылы апатын мұқият, бейтарап және ашық тергеуге шақырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙЫ
ІАТА-ның үндеуі Ресей және Әзербайжан үкіметтерінің мәлімдемелерінен кейін жарияланды. Бұл үкіметтер трагедия Ресейдің әуе кеңістігінде, әскери операциялар жүргізіліп жатқан аймаққа жақын маңда болғанын растаған.
«Әскери операциялар кезінде азаматтық ұшақтар ешқашан қасақана немесе кездейсоқ нысанаға айналмауы тиіс. Бірнеше үкімет, соның ішінде Ресей мен Әзербайжан, 8243 рейсі әскери операциялардың құрбаны болуы мүмкін деп мәлімдегенін ескере отырып, мұқият, ашық және бейтарап тергеудің қажеттілігі аса маңызды. Халықаралық міндеттемелерге сәйкес Чикаго конвенциясында талап етілген аралық есептің 30 күн ішінде жариялануын әлем тағатсыздана күтуде. Егер бұл трагедия үшін жауапкершілік әскери тараптарға жүктелсе, кінәлілер жауапкершілікке тартылып, сот алдында жауап беруі керек», – деп атап өтті Уолш.
МІНДЕТТЕМЕЛЕР
2024 жылғы қазан айында жаһандық қақтығыстардың шиеленісуіне байланысты ІАТА БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мемлекеттердің авиация мен оның маңызды инфрақұрылымының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша нақты міндеттемелері бар екенін еске салды, тіпті қақтығыс жағдайында да. Бұл міндеттемелерге Женева конвенцияларының хаттамасының 48-бабы жатады, онда қақтығыс тараптарына азаматтық нысандарға шабуыл жасамау талап етілген. Сондай-ақ, Чикаго конвенциясында мемлекеттерге азаматтық әуе кемелері мен жолаушыларды қорғау, азаматтық әуе кемелеріне күш қолданудан бас тарту және азаматтық авиацияға қауіпті болуы мүмкін кез келген әрекеттерді үйлестіру мен хабарлау міндеті тікелей жүктелген.
ІАТА осы міндеттерді орындау мақсатында Қауіпсіз әуе кеңістігі жөніндегі консультативтік комитеттің жұмысына толық қолдау білдіреді. Бұл комитет қақтығыс аймақтарында туындайтын қауіптерді азайту үшін операторларға тәуекелдерді бағалау мен қақтығыс аймақтарына қатысты стандартталған ақпарат алмасу мен ұсыныстарды жетілдіруге бағытталған.
EURONEWS: ҰШАҚТЫ РЕСЕЙ ЗЫМЫРАНЫ АТЫП ТҮСІРГЕН
Euronews бұған дейін Ақтау маңында апатқа ұшыраған ұшақ ресейлік зымыраннан атылғанын мәлімдеген еді. Басылым Әзербайжан үкіметіндегі дереккөздерге сүйеніп, апат Грозный үстінде ресейлік зымыраннан атқаннан болған деп жазады сенімді түрде.
АҚТАУ МАҢЫНДАҒЫ АПАТ
25 желтоқсан күні Ақтау қаласының маңында Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының Бакуден Грозныйға бағыт алған жолаушылар ұшағы апатқа ұшырап, 38 адам қаза тапты.
Бортта 5 экипаж мүшесін қоса алғанда 67 адам болған. Жолаушылардың 6-ауы Қазақстан, 42-сі Әзербайжан, 3-еуі Қырғызстан, 16-сы Ресей азаматы.
29 адам жарақат алып, ауруханаға жатқызылды, олардың арасында екі бала бар. Апаттан аман қалғандар арасында қазақстандықтар жоқ.
Төтенше жағдайлар министрлігі Ақтау маңындағы ұшақ апаты кезінде қаза тапқан қазақстандықтардың тізімін жариялады.
Ұшақ апатына байланысты қылмыстық іс ашылып, қайғылы оқиғаның себеп-салдарын тексеру үшін Үкіметтік комиссия құрылды.