АҚШ Украинаға $2,5 миллиардқа жуық жаңа әскери көмек пакетін жариялады

Ғалиасқар Думан

АҚШ Президенті Джо Байден Украинаға $2,5 миллиардқа жуық жаңа әскери көмек көрсету туралы мәлімдеді. Бұл туралы Ақ үйдің сайтында жарияланған баспасөз хабарламасында айтылған, деп жазады Ulysmedia.kz.

Фото: Kevin Lamarque / Reuters

КӨМЕККЕ НЕ КІРЕДІ

Жаңа пакет құрамына украин армиясына қосымша $1,25 миллиард және Украина Қауіпсіздік Көмегі Бастамасы (USAI) бағдарламасы аясында Пентагонның украин әскери қызметкерлерін дайындауға арналған $1,22 миллиард кіреді.

«Мен өз әкімшілігіме Украинаға мүмкіндігінше жылдам көмек көрсетуді жалғастыруды тапсырдым <…>. Қорғаныс министрлігі қыстың алдында Украинаның позициясын нығайту үшін жүздеген мың артиллериялық снарядтар, мыңдаған зымырандар және жүздеген брондалған көліктер жеткізу үстінде. Менің нұсқауым бойынша, АҚШ осы соғыста Украинаның позициясын нығайту үшін менің мерзімім аяқталғанға дейін тынымсыз жұмыс істеуді жалғастырады», – деді Байден.

БАЙДЕН ТАПСЫРМАСЫ

Бірнеше күн бұрын Байден Пентагонға Украинаға қару-жарақ жеткізу қарқынын арттыруды тапсырған еді. Бұл мәлімдеме Ресейдің Украина энергетикалық жүйесіне ауқымды шабуылдар жасағаны туралы жаңалықтардан кейін жасалды.

«Рождествоның алғашқы сағаттарында Ресей украин қалалары мен маңызды энергетикалық инфрақұрылымына зымырандар мен дрондар арқылы бірқатар шабуыл жасады. Бұл сорақы шабуылдың мақсаты – украин халқынан қыс мезгілінде жылу мен электр қуатын тартып алып, энергетикалық жүйенің қауіпсіздігін қатерге тігу», – делінген Байденнің мәлімдемесінде