Жаңа жылдық отшашу кезінде нені ескеру керек

Ғалиасқар Думан

Жаңа жыл қарсаңындағы өрт қауіпсіздігіне мән беру маңызды. Соңғы жылдары елде шырша өртенген бірнеше жайт тіркелген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

Көрнекі сурет

Ескі жылды жарқыраған шырша, отшашу, бенгал оттығымен шығарып салу үрдісі жаңа жылдық дәстүр іспетті. Күллі әлем бұған баса мән береді, әйткенмен мерекедегі шаттықпен қоса қауіпсіздікті де естен шығармау керек.

ШАМЫНАН ОТ ШЫҚҚАН ШЫРШАЛАР

Жақында Шымкентте отқа оранған шырша елдің зәресін ұшырды. Бірақ, бұл бірінші рет емес. Жиі қайталанып келе жатқан мәселе.

2013 жылы «Атакент» көрме орталығы алдындағы және Ақтаудағы мерекелік шырша жанған. 2016 жылы Алматыда Бірінші президент саябағындағы жасанды шырша жанып кеткен. 2017 жылы Елордадағы Тұран даңғылы бойындағы шырша отқа оранған. 2022 жылы Таразда шырша өртенген.

Мерекелік шыршаның дұрыс таңдалмауы, құрылмауы, өрт қауіпсіздігінің жіті сақталмауының соңы осыған әкеледі. Мамандардың сөзіне сүйенсек, мұның алдын алу үшін шамдар тым жақын орналаспағанын және отқа бейім заттар шыршаға ілінбегенін қадағалау керек. Сонымен қатар алып шыршаның ток жүйесі де сапалы болуға тиіс. Көлемді жарықтандыруды көтере алатын ток сұққыштар таңдалғаны жөн. 

БАҒАДАН БҰРЫН ҚАУІПСІЗДІККЕ МӘН БЕРУ 

Бүгінде от шашу шаттық, көңіл-күй сыйлаумен қатар жаңа жылдық жарысқа ұласқандай. Кейбіреулер қатты атылатын от шашу түрлерін бағасына қарамай сатып алуда. Осы тұста бағадан бөлек қауіпсіздікті ескермей жатады.

Отшашуларды далада, қауіпсіз жерде, ең маңыздысы ересектердің бақылауымен жағуға рұқсат беріледі.

Соңғы жылдары бұдан зардап шегіп жатқандар қатары артқан. Солардың көбі балалар. Мәселен, үш бірдей түркістандық көзіне зақым тигізсе, Алматыда 15 бала жарақат алған. Жаңа жыл мерекесінде баланың көңіл-күйінен бұрын қауіпсіздігіне баса мән берген жөн. Бенгал оттығын мөлшерден тыс бір мезетте жағу да қауіп төндіруі мүмкін.