Ауа райына байланысты Астана мен Алматы әуежайларында рейстер кешіктіріліп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
АЛМАТЫ
Алматы халықаралық әуежайы баспасөз қызметінің мәліметінше, 8 қаңтарда ауа райының қолайсыз болуына байланысты кейбір ұшып кету рейстерінің кейінгі уақытқа ауыстырылған. Қалада қалың қар жауып, тұман басып тұр.
АСТАНА
Ал Астана әуежайында 8 рейс кешіктіріліп жатыр. Алматы, Атырау және Шымкентке ұшатын кейбір әуе рейстері кейінге қалдырылды.
Рейс туралы ақпаратты Астана әуежайының сайтынан біле аласыз.
АУА РАЙЫ ҚАНДАЙ
Қазгидромет мамандары Алматы қаласында 8 қаңтарда түнде кей уақытта қатты қар күтілетінін хабарлаған болатын. Кей уақытта тұман, көктайғақ. Солтүстік-батыстан жел соғады кей уақытта екпіні секундына 18-23 метр болады.
Астана қаласында 8 қаңтарда түнде кей уақыттарда қатты қар, бұрқасын, күндіз жаяу бұрқасын күтіледі. Солтүстік-батыстан соғатын жел оңтүстік-батысқа ауысады, түнде және таңертең екпіні 15-20 м/с.
РЕЙСТЕРДІҢ КЕШІГУІНЕ КІМ ЖАУАПТЫ?
Айта кетейік, бұған дейін көлік министрі Марат Қарабаев әуе рейстердің жиі кешігуіне байланысты сұрақтарға жауап беріп, оларың кешігу себептерін түсіндіруге тырысқан болатын.
Оның айтуынша, оған себеп болып отырған үш фактор бар - әуежайларды жөндеу, ауа-райы және жолаушылар ағынының өсуі.
– Жалпы, кейінгі үш жылда авиацияда жолаушылар ағыны өсіп барады. Бұл – ең жылдам дамып келе жатқан көлік түрі. Инфрақұрылымды дайындау бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жазда жүргізіледі. Өкінішке қарай, мезгіл қысқа. Мұның бәрі, әрине, ұшудың жүйелілігі мен кемелердің кешігуіне әсер етеді, деді Қарабаев.
Сондай-ақ, министр ауа-райы жағдайлары мен адами факторға назар аударды.
– Егер әуе компаниясында 101 ұшақ болса, оның 10-ы айналымнан шығып қалады. Бесеуіне бұршақтан, бесеуіне адами фактордан зақым келді. Яғни, әуе паркінің 10 пайызы бірнеше күн бойы айналымнан шықты. Бұл ұшудың жүйелілігіне де әсер етеді. Жалпы жолаушылар ағынының өскені байқалады. Бұл үш фактор ұшудың жүйелілігіне және әуе кемелерінің кешігуіне әсер етеді, - деді ол.