Үкімет бюджет-салық пен тариф саясаты бойынша жаңа тәсілдерді әзірлейді

Аян Өрібай

Үкіметтің экономикалық блогы сарапшылар тобымен бірлесіп, бюджет-салық және тариф саясаты реформалары бойынша жаңа тәсілдер әзірлеп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

Ulysmedia коллажы

БЕКТЕНОВ НЕ ДЕЙДІ

Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов мемлекет басшысы алға қойған міндеттер аясында жақын арада бюджет-салық және тариф саясаты реформалары бойынша жаңа тәсілдер ұсынылатынын атап өтті.

Президент “Ана тілі” газетіне берген сұхбатында Үкіметтің міндеті экономиканың өсімін қамтамасыз ету және азаматтардың әл-ауқатын жақсарту екенін атап өтті. Біз қарқынды экономикалық өсімді қамтамасыз етуіміз қажет. Осыған орай, премьер-министрдің орынбасары Серік Мақашұлының жетекшілігімен Үкіметтің экономикалық блогы сарапшылар тобымен бірлесіп, бюджет-салық және тариф саясаты реформалары бойынша жаңа тәсілдер әзірлеп жатыр, – дейді Бектенов бүгінгі отырыста.

Оның айтуынша, әлеуметтік қамсыздандыру саласына қатысты мәселелер де бар. Аталған тәсілдер сарапшылар қауымдастығымен жан-жақты талқылаудан кейін ұсынылады.

ТОҚАЕВТЫҢ СҰХБАТЫ

Осыдан аз уақыт бұрын президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Ана тілі” газетіне сұхбаты жарияланған еді. Сұхбатта президент Ққзір әлемде бұрын-соңды болмаған аса күрделі геосаяси ахуал қалыптасып отырғаны, соған қарамастан, Қазақстан бейбітшілік үшін диалог орнату жолында тиімді рөл атқаратын мемлекет ретінде халықаралық аренадағы позициясын күшейткенін айтады. Оның сөзінше, бұл жағдай еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және экономикамызды орнықты дамытуға септігін тигізеді.