Алматы әуежайындағы қытайша жазылған рейстер кестесі қызу талқыланып жатыр

Сырым Қаржас

Алматыда жергілікті әуежайда ішкі рейстерге арналған ақпараттық тақтадағы қытай тілінде жазылған хабарлама төңірегінде қызу пікірталас туды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Madina Ashilova/Facebook

Әлеуметтік желі қолданушылары бұл шешімге түсінбеушілік танытып, түрлі пікір білдірді.

Кейбір жолаушылар отандық борттарға қытай тілін қосу орынсыз деп санады, өйткені бұл хабарламаны жете түсінуде қиындық тудырады әрі ішкі тасымалдың логикасына сәйкес келмейді.

Желі қолданушылары қытай тілі дәстүрлі түрде шетелдік туристерге арналған ақпарат үшін қолданылуы тиіс екенін, ал оның ішкі рейстерде кедергі келтіретінін атап өтеді.

“Ішкі рейс тақталары қытай тілінде ме? Рас па? Мен Қытайда жүрмін бе деп ойлап үлгердім... таблоға жақындасам, онда бәрі қытайша екен. Қас-қағым сәт дел-сал күйде қалдым. Бірақ кейін өз-өзіме келдім. Уфф, жоқ, мен әлі Алматыда екенмін», – дейді журналист Мадина Ашилова.

Бұған дейін Алматы әуежайында бірнеше рейс кейінге шегерілгені белгілі болған. 

Сондай-ақ Ауа райына байланысты Астана мен Алматы әуежайларында рейстер кешіктіріліп жатқаны хабарланған.