Kaspi-нөміріне көп ақша түскендерге айыппұл салынбайды – қаржы министрлігі

Сырым Қаржас

Қаржы министрлігі жеке тұлғалардың кірісін әкімшілендіру басқармасының бас сарапшысы Ерсайын Көптілеуұлы медиада тараған "Kaspi-нөміріне көп ақша түскендерге айыппұл салынады" деген ақпаратты жалған деп атады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia коллажыс

ҚАРЖЫ МИНИСТРЛІГІ ӨКІЛІ НЕ ДЕЙДІ

Бұған дейін БАҚ-та «Kaspi-нөміріне көп ақша түскендерге айыппұл салынады» деген ақпарат тараған еді. Медиада мемлекеттік кірістер комитеті жаңа ереже күшіне енгеннен кейін, жеке тұлғалардың мобильді аударымдары критерийлерге сәйкес келсе ғана тексерілетінін, егер бұл ереже бұзылса, айыппұл салынуы мүмкін екенін ескерткені айтылған. Заң бойынша кәсіпкерлік қызметпен тіркелмей айналысатын жеке тұлғаларға айыппұл қарастырылған бірінші рет бұзғаны үшін 15 АЕК (2024 жылы 55 380 теңге), қайталанған жағдайда 30 АЕК (2024 жылы 110 760 теңге) айыппұл салынатыны, әзірге мемлекеттік кірістер комитетінің бұл ұсынысын ұлттық банк зерттеп жатқаны хабарланған еді. 

Алайда Астанада өткен брифинг барысында қаржы министрлігінің өкілі бұл ақпаратты жоққа шығарды.

Ол мәлімет қайдан алынғанын білмеймін. Бірақ ол жалған, – деді Ерсайын Көптілеуұлы брифингте.

АУДАРЫМДАРДЫ БАҚЫЛАУ

Kaspi банкте ұялы телефон нөмірі тіркелген азаматтардың аударымдарын бақылау мәселесі әлі де көп талқыға түсіп жатыр. Бүгін қаржы министрлігінің өкілдері журналистердің басын қосып, осы тақырыпта баспасөз мәслихатын өткізді. Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілі аударым сомалары емес, тек қатарынан 3 ай бойы 100-ден астам адамнан аударым қабылдаған жеке тұлғалар бақылауға алынатынын атап өтті. Мұндай жағдайда, аударым қабылдаған жеке тұлғаның ЖСН-і мемлекеттік кірістер комитетіне жіберіледі, ал тұлғаның өзіне камералдық бақылау жүргізу туралы хабарлама жолданады. Ол не себепті осыншама аударым алғанын түсіндіруі керек. Бұл талапты орындауға 30 жұмыс күні беріледі. Егер адам бұл хабарламаға жауап бермесе, оның шығыс операциялары уақытша тоқтатылады.