Алматы облысында Қаңтар оқиғасы кезінде азаптаумен айналысқан полицейлерге сот үкімі шықты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Алматы облысының Қарасай аудандық соты 2022 жылдың қаңтар айындағы қайғылы оқиғалар кезінде Қошмамбет ауылындағы арнайы қабылдау орнындағы азаптау ісі бойынша үкім шығарды.
МӘН-ЖАЙ
Сот экс-полицейлер Бауыржан Сопақов, Арман Шойбеков, Берік Әбілбеков, Олжас Айдарханов, Серік Турпанов және Нұрсұлтан Хамитовты қамауға алынғандарды азаптаумен айналысты деп танып, олардың әрқайсына үш жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
2022 жылдың 7 қаңтарында Алматы – Бішкек тас жолында «тәртіпсіздікке қатысқандарды ұстау операциясы» кезінде шекара қызметінің арнайы жасағы Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан азаматтарынан шамамен жүз адамды ұстады. Қошмамбет ауылындағы изоляторға 98 адам жеткізілген.
Бұған дейін Қаңтар оқиғасы кезінде азапталған қырғыз музыканты 61 миллион теңге өтемақы талап еткен болатын.
ВИКРАМ РУЗАХУНОВ
2022 жылғы 9 қаңтарда Qazaqstan және Хабар 24 мемлекеттік телеарналары әлеуметтік желілерде бір видеоны жариялады. Онда ұсталған адам Қырғызстаннан Қазақстанға наразылықтарға қатысу үшін келіп, 90 мың теңге алғанын айтқан. Ұсталған адамды туыстары мен әріптестері қырғыз пианисті, Бішкектегі джаз оркестрінің жетекшісі Викрам Рузахунов деп таныды.
Олар Рузахуновтың Қазақстанға концерт өткізу үшін келгенін және видеодағы мойындауларды азаптаулар нәтижесінде жасағанына сенімді екенін мәлімдеді. Бішкек осы оқиға бойынша Астанаға ресми нота жолдады. Резонанс аясында қазақстандық билік музыкантты босатқан. Отанына оралғаннан кейін ол азапталғанын және өзін айыпты ретінде көрсетуге мәжбүр болғанын мәлімдеген.
Еске салсақ, бұдан бұрын Астана қаласының Алматы аудандық соты қырғызстандық музыкант Викрам Рузахуновтың Қазақстан ІІМ атына берген ар-намысын, қадір-қасиетін және іскерлік беделін қорғау туралы арызын қанағаттандырудан бас тартқан. Қырғызстандықтың адвокаттары ҚР ІІМ-нен Рузахуновтың алматылық полицейлер қысымымен айтылған айғақтарын, яғни Қазақстанға 2022 жылғы қаңтардағы тәртіпсіздіктерге қатысу үшін келгені жөніндегі жауаптарын дұрыс емес деп тануды және музыканттан көпшілік алдында кешірім сұрауды талап еткен еді.
Кейінірек оның бұл шағымын ҚР Жоғарғы Соты да қанағаттандырудан бас тартқан.