Мемлекет қаржыландыратын барлық фильм енді тек қазақ тілінде түсіріледі

Аян Өрібай

Мемлекеттің қолдауымен түсірілетін ол фильмдер прокатқа екі тілде шығады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia коллажы

АҚПАРАТ ҚАЙДАН ШЫҚТЫ

Бұл туралы премьер-министрдің депутаттарға берген жауабында жазылған. Бектенов алдағы 10 жылға «Қазақ киносының даму стратегиясын» әзірлеу мәселесі қолға алынғанын, жалпы салаға реформа жүргізіліп жатқанын хабарлаған.

Мемлекет қолдауымен түсірілетін барлық фильмдер қазақ тілінде түсіріледі және прокатқа екі тілде шығады. Статистикалық деректер бойынша, 2024 жылы прокаттағы қазақ тіліндегі фильмдердің үлесі 19 %-ға жеткен (2023 жылы 16 %). Бұл қазақ тіліндегі контентке сұраныстың арта түскенін көрсетеді, – делінген жауапта.

КЛУБ ҚҰРЫЛАДЫ

Бектеновтің жауабына сәйкес, қазір Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы жанынан сценаристер, продюсерлер клубын құру жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2024 жылы орталық жанындағы сараптамалық кеңестің қызметі қайта жанданған. Кеңес мүшелеріне қойылатын талаптар толықтырылған. Ұлттық фильмдерді мемлекеттік қаржыландырудың тиімділігін, ашықтығын қамтамасыз ету үшін киножобаларды конкурстық іріктеу тәсілдері өзгертілген.

ҚАЗАҚФИЛЬМДІ ТІКЕЛЕЙ ҚАРЖЫЛАНДЫРУ

Ақорда биыл 10 қаңтарда президенттің мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі, ақпарат, қоғамдық даму, мәдениет және архив ісі салаларында артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша заңдарға қол қойғанын хабарлаған еді. 

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның хабарлауынша, заңға сәйкес елдегі басты киностудия - Шәкен Айманов атындағы Қазақфильмінің жұмысына жаңа даму кезеңіне қадам баспақ. Енді жыл сайын фильмдерге бөлінетін жалпы қаржының кемі 30 пайызы тікелей Қазақфильмге бағытталады. Сонымен қатар мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша креативті индустрияға қолдау көрсетуге арналған мемлекеттік шаралар кешені әзірленген. Осыған сәйкес таланттарды ашу және жобаларды жүзеге асыру, инфрақұрылымды дамыту қазақстандық креативті өнімдер мен қызметтерді халықаралық нарықтарда ілгерілету үшін әлеуетті инвесторларды тартатын арнайы креативті индустрияны қолдау қоры өз жұмысын бастайды. Креативті индустриялар саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру бойынша өкілетті мемлекеттік органның құзыреті де нақты бекітілді.