21 қаңтарға қараған түні Түркияның Болу провинциясындағы Карталкая тау шаңғы курортында алапат өрт шығып, кемі 76 адам қаза тапты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұған дейін елдің ішкі істер министрі Әли Ерликай өрт кезінде 51 адам зардап шеккенін, олардың жартысы ауыр жағдайда хабарлаған. Құрбандар саны кейін одан көп екені белгілі болды.
МӘН-ЖАЙ
Өрт Grand Kartal қонақүйінің 12-ші қабатынан жергілікті уақыт бойынша сағат 03:27-де шыққан. Кейбір деректер бойынша, қызыл жалын 11-ші қабаттан басталған. Қазір Түркияда жалпыұлттық екі апталық каникул басталды. Шаңғы маусымы қызған уақыт болғандықтан курорттағы қонақүйде 234 адам болған.
Болу губернаторы Абдулазиз Айдын алдын ала болжам бойынша өрт қонақүйдегі мейрамханадан шығып, жоғарғы қабаттарға қарай ұласқанын хабарлады. Қонақүй қаладан алы орналасқандықтан өрт шыққан кезде өртсөндірушілердің ғимарат орналасқан аймаққа жетуі қиын болған.
Құтқару операциялары таңға дейін жалғасты.
ЕКІ АДАМ ТЕРЕЗЕДЕН СЕКІРГЕН
Түрік бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, кемінде екі адам қонақүйдің терезесінен секіремін деп мерт болған. Кейбір адамдар төсеніштерді бір-біріне байлап, арқан жасап, терезеден түскен.
ӨРТ ҚАЙДАН ШЫҚҚАНЫ БЕЛГІСІЗ
Әзірге өрттің нақты неден шыға бастағаны белгісіз. Түркияның әділет министрі Йылмаз Тунч бұл істі зерттеуге прокуратура да кіріскенін айтқан. Түркияның президенті Режеп Тайып Ердоған қаза тапқандардың отбасына көңіл айтты.