«Төрт әйелі бар бас имамдікі» деп ақпарат тараған үйдің шын иесі анықталды

Сырым Қаржас

Астана қаласының тұрғыны Нұрлан Лесбекұлы желіде тараған "бас имамның зәулім үйі екен" деген ақпаратты жоққа шығарып, ол үйде өзі тұратынын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

скриншот

ЖЕЛІДЕ ТАРАҒАН ВИДЕО

Бірнеше күннен бері әлеуметтік желіде белгісіз ер адамның зәулім үйді көрсетіп, онда Астана қаласының бас имамы тұратынын баян еткені қызу талқыланған. Әлгі азамат видеоны желіге салып жіберген. Расталмаған ақпарат әлеуметтік желіде көп әңгімеге арқау болды.

Мынаны мен басында мешіт екен деп қалдым. Сөйтсем бұл Астананың бас имамының үйі екен. Мешіт сияқты дәу ғой сұмдық. Ал енді садақа жіберіңдер. Жұма сайын салған садақаларың міне қайда кетіп жатыр. Сұмдық қой мынау. Не деген сарай мынау. Төрт әйелі бар екен. Поворын алып келдім. Сендердің садақаларыңмен жалақасын төлейді. Қалай Алладан қорықпайды? Аумағын көрсең бір га жерді қоршап алған ғой, – дейді видеоны түсірген адам.

АҚПАРАТ ЖАЛҒАН

Астана қаласының бас имамы Ерболат Жүсіпов әлеуметтік желіде бұл үйде өзі тұратынын жоққа шығарған еді.

ҮЙДІҢ ШЫН ИЕСІ КІМ

ҚМДБ ресми өкілі Ағабек Қонарбайұлы әлеуметтік желіде түнде тағы бір видео жариялап, үйдің шын иесімін деген адамды көрсетті.

Мен Нұрлан Лесбекұлы! Кейінгі кезде осы үй әлеуметтік желіде бас имамның үйі деп көрсетілген екен. Ол жалған ақпарат. Бұл менің үйім. Мен осы үйде 15 жылдан бері тұрамын. Осы салып, өзім кіргенмін, – дейді видеодағы адам.

Оның ізін ала Астана қаласының бас имамы Ерболат Жүсіпов жалаға, жалған ақпаратқа нүкте қоюға тура келіп тұрғанын айтты. Оның сөзінше, бабадан қалған асыл сөздер, құндылықтар аяқ асты болып жатқанын атап өтеді. “Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде ұстаздарымызға, имамдарымызға, руханият саласындағы майталмандарымызға әртүрлі жалалар кең етек алып барады. Құранның тілімен айтсақ, біреудің ақысын жеу, біреуге зұлымдық жасау, біреуге әділетсіздік арту – дүниелік һәм ақыреттік үлкен азапқа себеп болатын күнә болмақ” дейді ол.