Тоқаев Әбілқасымоваға кредит алушылардың құқығын қорғауды тапсырды

Сымбат Сатыбалдина

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованы қабылдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ақорда

МӘДИНА ӘБІЛҚАСЫМОВА НЕ ДЕДІ

Қаржы нарығын дамыту саласының былтырғы қорытындылары туралы есеп берді;

Банк секторында тұрақтылық сақталып тұрғаны жөнінде баяндады:

  • 2024 жылдың басынан бері банктердің активтері 19,7 пайызға, яғни 61,6 триллион теңгеге дейін өскен;
  • экономиканы кредиттеу 20,9 пайызға немесе 33,8 триллион теңгеге дейін ұлғайған;
  • банктердің жұмыс істемейтін активтері – 3,1 пайыздан төмен деңгейде;
  • Агенттік 21 банкке жыл сайынғы қадағалау-бағалау жұмыстарын аяқтаған. Сондай-ақ 11 банктің активі сапалық тұрғыдан бағаланып, стресс-тестілеу жүргізілген. Аталған шара банк жүйесі активтерінің 85 пайызын қамтыған. Бұған қоса, 400 миллиард теңге көлемінде мемлекеттің қолдау қаражаты мерзімінен бұрын қайтарылған;

Стрестік активтер нарығын дамытуды көздейтін заңнамалық түзетулер қабылданып, осы тектес активтерді сатуға арналған алғашқы цифрлық платформа іске қосылғанын айтты:

  • бәсекелестікті күшейту үшін банк секторына Оңтүстік Кореядан, Қатар Мемлекетінен және Біріккен Араб Әмірліктерінен шетелдік банктер тартылған;

Нақты сектор мен бизнес субъектілерін несиелеу туралы мәлімет берді:

  • 2024 жылы бизнеске берілген кредиттер 16,3 пайызға немесе 13,1 триллион теңгеге дейін ұлғайған. Бұл ретте бизнеске 18,2 триллион теңге сомасына жаңа займдар берілген;
  • Президенттің халықтың шамадан тыс кредит алуын төмендету жөнінде берген тапсырмасына сәйкес, 2024 жылғы маусымда кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау бағытында заң қабылданған;
  • 614 мың азаматтың 210 миллиард теңге сомасындағы проблемалық берешегі қайта құрылымдалып, ішінара немесе толық кешірілген;
  • азаматтарды қаржылық алаяқтықтан қорғау мақсатында заңнамалық түзетулердің жаңа топтамасы әзірленгенін жеткізді;

Сақтандыру нарығын цифрландыру нәтижесін таныстырды:

  • азаматтардың тұрғын үйлерін апат тәуекелдерінен міндетті сақтандыру моделі әзірленген;
  • кредиттік рейтинг агенттіктері туралы, Инвестициялық және венчурлық қорлар туралы заң жобалары дайындалған.

Қасым-Жомарт Тоқаев Агенттікке қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету, нақты секторды кредиттеу аясын одан әрі кеңейту, қаржылық қызметтерде тұтынушылардың құқықтарын қорғау тетіктерін күшейту жөнінде бірқатар міндет жүктеді.