Ұлыбританияда жұмысқа орналастырамын деп 76 адамды алдағандар сотталды

Сымбат Сатыбалдина

Ұлыбританияда жұмысқа орналастыруға уәде беріп, 76 адамды алдаған алаяқ сотталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ulysmedia.kz коллажы

ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС

Іс Тараз қаласының № 2 сотында қаралды. Сотта бірнеше рет алаяқтық жасаған М. және И.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды.

СОТТА АНЫҚТАЛҒАНЫ

2022 жылдың желтоқсанынан 2023 жылдың қыркүйегіне дейін сотталушылар М. және И. жұмыспен қамту орталығында жұмыс істеп жүрген. Олар азаматтарға Біріккен Корольдікте (Ұлыбритания) ауыл шаруашылығы өнімдерін жинау бойынша жұмысқа орналасу үшін құжаттарды ресімдеу және виза алу қызметтерін ұсынған. Сотталушылар тұрғындарды Ұлыбританияда жұмысқа орналастыра алмайтынын біле тұра, жәбірленушілерге кеңес беріп, олармен жалған шарттар жасасқан.

Бұл кезеңде сотталушыларға 76 азамат жүгініп, ақшасын төлеп қойған. Жәбірленушілердің ақшасы ұрланған және олар жұмысқа орналастырылмаған. Өз қызметтері үшін М. және И. 130 мың теңгеден 1 миллион теңгеге дейін алды. Жәбірленушілерге жалпы сомасы 31 млн. теңгеден астам залал келтірілген.

ПРОКУРОР МЕН СОТТАЛУШЫЛАРДЫҢ ПІКІРІ

Прокурор сотталушыларға 4 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

  • Сотталушы М. өзінің кінәсін толық мойындап, бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауды сұрады.
  • Сотталушы И. кінәні мойындамады және қылмыстық ниет пен қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты оны ақтауды сұрады.

ДӘЛЕЛДЕР

Кінә сотталушылардың, жәбірленушілердің айғақтарымен, банк шоттарының үзінді көшірмелерімен, хат-хабарлардың скриншоттарымен, өзге де заттай дәлелдемелермен және іс материалдарымен дәлелденді.

СОТ ШЕШІМІ

Бір жәбірленушінің эпизоды бойынша сот сотталушыларды дәлелденбегені үшін кінәсіз деп тапты.

Қалған 76 эпизод бойынша сот ҚҚ 190-б. 3-б. 4)-т. бойынша сотталушыларды кінәлі деп таныды және оларды 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыра отырып, 3 жыл мерзімге жұмысқа орналасуға байланысты кез келген меншік нысанындағы ұйымдарда қызметпен айналысу құқығынан айыру түріндегі жаза тағайындады.

Сот 10 жәбірленушінің азаматтық талап қою арыздарынан бас тартуын қабылдады. Қалған жәбірленушілердің азаматтық талап қою арыздары қанағаттандырылды, М. және И.-ден бірге 66 жәбірленушінің пайдасына ұрланған ақша өндірілді. Үкім заңды күшіне енген жоқ.