Қаржы мониторингі агенттігінің Солтүстік Қазақстандағы департаменті ауыл шаруашылық өндірістік кооперативі басшысының 50 миллион теңгеден астам субсидияны заңсыз алғанын анықтаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
АГЕНТТІК НЕ ДЕЙДІ
Мемлекет жоғары сапалы сүт өндірісін арттыру және импортқа тәуелділікті төмендету үшін сүт-тауар фермаларын ашуды белсенді түрде қолдап, ынталандырып жатыр. Алайда өндірістік кооперативінің басшысы 2019 жылдың мамырынан 2020 жылдың наурызына дейінгі аралықта жалған құжаттарды пайдаланып, сүт өнімдерін өңдеуге бөлінген 50 миллион теңгеден астам субсидияны заңсыз алған дейді агенттік.
ЖАЛҒАН АҚПАРАТ БЕРІЛГЕН
Өндіріс шығындарын растау үшін ауыл шаруашылығы басқармасына жеке кәсіпкерлерден шикі сүт сатып алғаны үшін өзара есеп айырысу туралы жалған құжаттар және май өндірісі туралы қасақана жалған ақпараттар беріп келген. Соның салдарынан сот сүт жеткізу мәмілелерін заңсыз деп таныды.
Қаржылық тергеу нәтижесінде, заңсыз алынған субсидияларға күдікті «TOYOTA LAND CRUISER PRADO 150» маркалы автокөлік сатып алғаны анықталды, ол мүмкін болатын тәркілеуден жасыру мақсатында сенімді адамға рәсімделген, – дейді агенттік.
Сот санкциясымен аталған автокөлік тәркіленген.