Зеленский Трамптың командасымен келіссөздер жүргізетінін мәлімдеді

Сымбат Сатыбалдина
Reuters

Украина президент Владимир Зеленский АҚШ басшысы Дональд Трамптың командасымен келіссөздер жүргізетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Украина президенті Владимир Зеленский жақын арада Киев америкалық шенеуніктермен келіссөздер өткізетінін хабарлады.

Бұл туралы ол Telegram-арнасында жазды. Оның айтуынша, Киев пен Вашингтон арасында “командалық деңгейде” келіссөздер жүргізіледі деп күтіліп отыр.

ДӘЙЕКСӨЗ

- Алдағы апталар дипломатия тұрғысынан өте қарқынды болмақ. Біз бұл уақыттың тиімді және нәтижелі өтуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Біз әрдайым президент Трамппен ынтымақтастықты жоғары бағалаймыз.

Сондай-ақ командалық деңгейде кездесулер мен келіссөздер жүргізуді жоспарлап отырмыз. Украина мен АҚШ командалары қазірдің өзінде келіссөздердің егжей-тегжейін талқылап жатыр. Берік және ұзақ мерзімді бейбітшілік жақындай түсуі керек, – деп жазды Зеленский.

Айта кетейік, бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп жаңа америкалық әкімшілік Украина және Ресеймен кеңес өткізуді жоспарлап отырғанын мәлімдеген еді.