Байзақта полиция бөлімі басшысының орынбасары ауыр қылмыс жасап ұсталды

Сымбат Сатыбалдина

Жамбыл облысындағы Байзақ ауданында полиция бөлімі басшысының орынбасары ұсталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ulysmedia.kz коллажы

МӘН-ЖАЙ

Жамбыл облысының прокурорлары ауыр қылмысты жасыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру бастады. 

Прокуратура Байзақ ауданы полиция бөлімі бастығының орынбасарына қатысты ҚК-нің 433-бабының 2-бөлігімен ауыр санаттағы қылмысты қасақана жасырды деген күдікпен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғанын хабарлады.

Өңірлік прокуратураның мәліметінше, 10 700 000 теңге қаражатты жымқыруға қатысты арыз түскен. Алайда бұл іс сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркелмеген.

ДӘЛЕЛДЕР

Жиналған дәлелдемелердің жиынтығымен күдіктінің іс-әрекеті ҚК-нің 433-бабы 3-бөлігінің 2) тармағымен сараланды (ауыр қылмысты адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жасыру). 

Күдікті полиция қызметкері ҚПК-нің 128-131-баптарының тәртібімен ұсталып, оған қатысты сотпен «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды.

ТЕРГЕУ

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасуда. ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялануға жатпайды. 

ЕСКЕРТУ

Прокуратура құқық бұзушылықтарды тіркеу кезінде есепке алу-тіркеу тәртібін сақтаудың маңыздылығына баса назар аударады және қылмысты есептен жасыру үшін 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделгенін ескертеді.