Президент Дональд Трамп Украина басшысы Владимир Зеленскиймен телефон арқылы сөйлесті. Бұл туралы Украина президентінің кеңсесі хабарлады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ӘҢГІМЕ БІР САҒАТҚА СОЗЫЛҒАН
Украина президентінің кеңесшісі Дмитрий Литвиннің айтуынша, Зеленский мен Трамптың әңгімесі шамамен бір сағатқа созылған.
Владимир Зеленский өзінің Telegram-арнасында Дональд Трамппен болған сөйлесуі туралы пікір білдірді:
"Дональд Трамппен жаңа ғана сөйлестім. Ұзақ әрі мазмұнды әңгіме болды. Біз бейбітшілікке қол жеткізу мүмкіндігі, командалар деңгейінде бірлесіп жұмыс істеу дайындығымыз туралы айттық. Сондай-ақ, технологиялық мүмкіндіктеріміз, оның ішінде дрондар мен басқа да заманауи өндірістер жайында пікір алмастық. Президент Трампқа бізбен бірлесе атқара алатын жұмыстарға деген қызығушылығы үшін алғыс айтамын", – деп жазды Украина басшысы.
Зеленскийдің айтуынша, ол Трамппен Скотт Бессентпен өткен кездесуі мен Украина мен АҚШ арасындағы жаңа қауіпсіздік, экономикалық және ресурстық әріптестік келісіміне дайындық мәселелерін де талқылаған.
Трамп Зеленскийге Путинмен болған әңгімесінің егжей-тегжейін жеткізген.
"Украина бәрінен бұрын бейбітшілікті қалайды. Біз АҚШ-пен бірге Ресей агрессиясын тоқтату және тұрақты әрі ұзақ мерзімді бейбітшілікті қамтамасыз ету жолдарын анықтап жатырмыз. Президент Трамптың өзі айтқандай, «бұл істі бірге жүзеге асырайық»", – деді Зеленский.
Сонымен қатар, Зеленский мен Трамп алдағы уақытта байланыстарын жалғастыру және кездесулер өткізу туралы уағдаласты.
БҰҒАН ДЕЙІН
Ресей президенті Владимир Путин мен АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп телефон арқылы бір жарым сағат бойы сөйлескенін жазған едік.
Дональд Трамп әңгіме өте өнімді өткенін атап өтіп, екі тарап Украинадағы қақтығысты тоқтатудың маңыздылығына келіскенін мәлімдеді. Сонымен қатар, Таяу Шығыстағы жағдай, энергетика мәселелері қарастырылған. Тараптар келіссөздерді дереу бастау туралы шешім қабылдады. АҚШ тарапынан келіссөздерге Орталық барлау басқармасының (CIA) директоры, мемлекеттік хатшы және ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесші жетекшілік етеді.