«Ербаянның бүгінгі жағдайы. Шүкір» — Ата-анасы әскерде жараланған ұлының суретін жариялады

Ілияс Бақыт

Әскерге сап-сау күйде аттанып жарымжан болып оралған Ербаян Мұхтардың отбасы желіде жазба жариялады, деп хабарлайды  Ulysmedia.kz.

Әлеуметтік желіден

Отбасы бүгінгі түннің мұсылман қауымы үшін ерекше екенін атап өтіп, Ербаян үшін де дұға тілеуді сұрады. 

“Бүгін – ислам күнтізбесіндегі ең қасиетті түндердің бірі, мейірім мен кешірімге толы Бараат түні. Бұл түн – ақ жүрекпен жасалған әрбір дұға қабыл болатын ерекше уақыт.  Біз, Ербаянның отбасы, осы қасиетті түнді дұғада өткіземіз. Егер мүмкіндік болса, сіз де бүгінгі түнде Ербаян үшін тілек тілеп, аяғынан тұрып кетсін деңізші. Алла Тағала барлық ізгі ниеттерімізді қабыл етсін!” – деп жазды.

Сондай-ақ отбасы Ербаянның қазіргі жағдайын көрсетіп фотосын жариялады.

“Фотода Ербаянның бүгінгі жағдайы. Шүкір”- деп жазылған. 

ЕРБАЯННЫҢ ОҚИҒАСЫ

Ербаян Мұхтар Ұлттық ұланда мерзімді әскери қызметте жүріп жараланған. Алматыдағы Ұлттық ұланның 5571 бөлімінде былтыр құлап, комаға түскен, биыл сәуірде оянған сарбазды туған-туыстары Астанаға жеткізе алмаған еді. Ulysmedia.kz редакциясына хабарласқан олар президенттен көмек сұрап, үндеу жариялаған. Әскери бөлім «сарбаз дәретханада өзі құлап, басын кафельге соғып алды» деген. Ербаян Мұхтардың әкесі де, шешесі де бұл нұсқаға сенбейді.

Ербаян Мұхтарды Түркияға қорғаныс министрлігінің арнайы бортымен жеткізілді. Сарбаз Ыстанбұлға аман-есен жетіп, “Медикал-Парк” клиникасына жатқызылған. Ол дәрігерлердің қарауында қажетті ем қабылдап жатыр.

Еске салсақ, бұған дейін әскерде жараланған Ербаян Мұхтарды қараған дәрігерлер тергеуге алынғанын жазған едік.