«Путинді тоқтату үшін кез-келген қадамға дайынбыз» - Зеленский

Ілияс Бақыт

Украина президенті Владимир Зеленский Ресеймен бейбіт келіссөздердің өте қиын болатынын мәлімдеді, деп хабарлайды  Ulysmedia.kz.

Ашық дереккөзден

Бұл туралы ол Мюнхендегі қауіпсіздік конференциясы (MSC) аясында журналистермен кездесуінде айтты. Сонымен қатар, Зеленский кез келген уақытта "нақты келіссөздерге" дайын екенін жеткізді. 

Зеленскийдің айтуынша, Киев соғысты тоқтатудың әртүрлі нұсқаларын қарастыруға әзір, соның ішінде: 

  • Бітімгерлік әскер контингентін орналастыру
  • Қауіпсіздік кепілдіктері
  • НАТО-ға мүше болу мәселесі

"Біз (Ресей президенті Владимир - ред.) Путинді тоқтату үшін кез келген қадам жасауға дайынбыз", – деп атап өтті Украина басшысы. 

КЕЛІССӨЗДЕР ҚАШАН?

Зеленский Мюнхенде Ресей өкілдерімен келіссөз жүргізу жоспары жоқ екенін айтты. 

"Мен бұл туралы ештеңе білмеймін, мүмкін, менен басқа біреу біледі", – деді ол. 

Алдымен, Украина АҚШ және Еуропалық Одақ өкілдерімен келіссөздер жүргізеді, содан кейін ғана Ресеймен келіссөз өткізу мүмкіндігі қарастырылмақ. 

Украина президенті алдағы уақытта Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы және Түркияға сапар жоспарлап отырғанын айтты. Ол бұл елдерде Ресей өкілдерімен кездесу қарастырылмағанын нақтылады. 

ОККУПАЦИЯЛАНҒАН АЙМАҚТАРДЫ МОЙЫНДАМАЙДЫ

Зеленский бейбіт келіссөздер барысында Украинаның "қызыл сызығын" атап өтті: 

"Біз заңды түрде Ресейдің басып алған аумақтарын мойындамаймыз. Олар біздің Конституциямызда көрсетілген, және шекараларды өзгерту туралы шешімді тек украин халқы ғана қабылдай алады", – деді Зеленский. 

Оның айтуынша, Украинада бейбітшілікті қамтамасыз ету үшін шетелдік әскер орналастыру жоспары дайын, бірақ әскердің орналасу картасы әзірге жарияланбайды. 

ТРАМПТЫҢ ЖОСПАРЫНА КҮМӘНМЕН ҚАРАЙДЫ

Зеленский АҚШ-тың экс-президенті Дональд Трамптың Украинадағы соғысты тоқтату жөніндегі нақты жоспары жоқ деп санайды. 

"Біз АҚШ және одақтастарымызбен келіссөзге дайынбыз. Егер олардың біздің нақты талаптарымызға нақты жауаптары болса, онда біз ортақ ұстаныммен ресейліктермен сөйлесуге әзірміз", – деп түйіндеді Украина президенті. 

БҰҒАН ДЕЙІН

АҚШ-тың  президенті Дональд Трамп ұсынған Украинадағы соғысты тоқтату жоспарына сәйкес, Еуропа елдерінің міндеттемелері алдағы он жылда 3,1 трлн долларды құрауы мүмкін екенін жазған едік. 

Сарапшылар Трамп пен АҚШ-тың Қорғаныс министрі Пит Хегсеттың пікірлеріне сүйене отырып, Еуропаның Украина мәселесін реттеу мен елдің қорғанысын күшейтуде негізгі жүк көтеруі керек екенін атап өтті.