Алматыда кінәні мойындату үшін күдіктіні азаптаған полицейлер сотталды

Сымбат Сатыбалдина

Алматыда полиция қызметкерлері азаптағаны үшін сотталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia коллажы

ТЕРГЕУ

Алматы қаласының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты азаптауды қолданған екі полиция қызметкеріне қатысты айыптау үкімін шығарды. Қылмыстық істі Алматы қаласының арнайы прокуроры тергеп-тексерді.

2023 жылы 29 наурызда кінәлі полиция қызметкерлерінің туысының пәтерінде жеткізілген азаматқа қатысты оған бөтеннің мүлкін ұрлағанын мойындату мақсатында азаптағаны дәлелденді.

Полицияның заңға қайшы әрекеттерінің салдарынан жәбірленуші дене жарақаттарын алған.

СОТ ҮКІМІ

Кінәні мойындау туралы процестік келісімін ескере отырып, сот үкімімен сотталушыларға 3 жыл 6 ай мерзімге шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, пробациялық бақылау белгіленді. Сотталғандар арнаулы атақтарынан және мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды.

Үкім заңды күшіне енді.

Прокуратураның ұсынуы бойынша қарамағындағылардың қызметіне бақылаудың жоқтығы және қызметтік міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін 10 полиция қызметкері, оның ішінде 5 құрылымдық бөлімше басшысы тәртіптік жауаптылыққа тартылды.