Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов медициналық сақтандырумен қамтылмаған 3,5 млн адам үшін жақсы жаңалық айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ДЕПУТАТ НЕ ДЕЙДІ
Бүгін өте маңызды түзетулер қабылданды. 3,5 млн адамға жақсы жаңалық деп айта аламын. Неге? Медициналық сақтандырумен қамтылмаған 3,5 млн адам бар. Оларда онкология бойынша скринингтен өту құқы жоқ, яғни бұл адамдарды ешкім қабылдамай отыр. Ал скринингтен өтпегеннен кейін, онкологиялық ауруды ерте кезеңде анықтау қиынға түседі... Енді МӘМС аясында қамтылмаған 3,5 адам ақысыз түрде онкология бойынша скринингтен өтуге мүмкіндік алып отыр, - деді Аймағамбетов мәжіліс кулуарында журналистерге.
Қаржы министрі Мәди Тәкиев Сенаттың жалпы отырысында сөйлеген сөзінде 2025 жылға арналған түсімдер мен тапшылықты ескере отырып, бюджет шығысы өткен жылмен салыстырғанда 1,7 трлн теңгеге ұлғаятынын айтады. Министр жалпы шығын 25,8 трлн теңгені құрайтынын мәлімдеген еді. 2025-2027 жылдары денсаулық сақтау жүйелеріне арналған шығыстар 7,6 трлн теңгені құрайды. Оның ішінде 2025 жылы – 2,5 трлн теңге, 2024 жылға қатысты өсім 188 млрд теңгені құрайды. Жалпы, ТМККК шығыстарының көлемі 2025 жылы 1,6 трлн теңге сомасында жоспарланған.