Перизат Қайратты жаңа іс бойынша тергеп жатыр: ҚМА мән-жайын айтты

Сымбат Сатыбалдина

2025 жылдың 23 қаңтарында Перизат Қайратқа қатысты мүгедек-балаларға арналған оңалту орталығын салуға ақша жинау алаяқтығы бойынша сотқа дейінгі жаңадан тергеу тіркелді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia.kz коллажы

МӘН-ЖАЙ

Перизат Қайрат 2021 жылдың қараша айында Ақмола облысында «Батыр» қоғамдық бірлестігіне оңалту орталығын салу үшін ақша жинау мақсатында қайырымдылық аукционын ұйымдастырған. Жұрттың сенімін арттыру үшін оңалту орталығына мұқтаж мүгедек-балалар мен олардың ата-аналарын іс-шараға тартқан.

Перизат Қайрат тарапынан таратылған жалған деректер бойынша 48 миллион теңге жиналып, құны 100 миллион теңге ғимарат сыйға тартылған. Алайда, аукцион кезінде шын мәнінде 22 миллион теңге түскен, осы ақшаны ол өзінің жеке қажетіне жаратқан.

Сонымен қатар, Перизат Қайрат «Батыр» қоғамдық бірлестігі үшін құны 30 миллион теңге жер телімін сатып алғанын мәлімдеген, алайда бұл участокты 2019 жылы бірлестік өзі сатып алған. Оңалту орталығының құрылысы әлі басталмаған қалпында тұр.

ҒИМАРАТ ЖОҚ

Орталықтың қажеттілігіне берілді деген ғимарат мүлдем жоқ болып шықты. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты басқа ақпарат жарияланбайды.

ПЕРИЗАТ ҚАЙРАТТЫҢ ІСІ

Волонтер Перизат Қайрат «Көмекке жиналған 1,5 млрд теңгені жымқырған» деген күдікпен ұсталып, тергеліп жатыр.

16 қараша күні Қаржы мониторингі агенттігі Перизат Қайрат Палестинаға деп ақша жинап, тағы 200 млн теңге жымқырғанын растады.

Сондай-ақ Ulysmedia.kz ресми ашық дереккөздер арқылы Перизат Қайрат басқарған Biz Birgemiz қоры жайлы мәліметтерге үңіліп көріп, қордың бірнеше құрылтайшысы барын анықтады.

Перизатпен бірге «Amanat» партиясының да аты қатар аталып, ел ішінде түсініспеушіліктер пайда болды. Осыған байланысты «Amanat» партиясының басшылығы өздерін «Biz Birgemiz» қорының құрылтайшысы саналмайтынын мәлімдеді.