Орал түрмесінде отырғандар қандай азап көріп жатқандарын айтты

Сымбат Сатыбалдина

Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде Орал қаласындағы №28 қатаң режимдегі түзеу мекемесінен тараған бейнежазбалар қызу талқыланып жатыр. Видеода сотталғандар түрмедегі жағдайдың өте нашар екенін айтып, көмек сұрайды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: "Мой город"

“ТАР КАМЕРАДА БЕС АДАМ ОТЫРМЫЗ”

Бұл жағдай туралы “Мой город” басылымы жазды. Жазасын өтеп жатқандардың айтуынша, екі адамға арналған камераларда бес адамнан отыр. Ғимарат ескірген, су ағып тұр, санитарлық жағдай төмен.

– Камера өте тар, су кетіп жатыр. Түрме әкімшілігі тұрақты түрде бізге қысым көрсетеді. Кез келген арыз-шағымымыз ескерусіз қалады. Мен өзіме қол жұмсауға мәжбүр болдым, бірақ бәрібір ешкім назар аудармайды. Мен онкологиялық науқаспын, бірақ медициналық көмек ала алмай жүрмін. Полиция да шара қолданбайды. Осы жағдайға бей-жай қарамауыңызды сұраймыз, дейді сотталушылардың бірі қолындағы жарақатын көрсетіп.

ҚЫСЫМ

Тағы бір сотталушы психологиялық және физикалық қысым көріп жатқанын айтты. Оның сөзінше, тұтқындарды үнемі ұрып-соғып, намысына тиетін көрінеді, жеке заттарын тартып алады, суицидке итермелейді.

– Бізді прокурордың орынбасары, режим бөлімінің басшысы мен отряд басшылары қорқытады. Егер бізге бірдеңе болса, кінәлі солар, деді ол.

ҚАНМЕН ЖАЗЫЛҒАН ЖАЗУ

Желіде тараған видеолардың бірінде сотталушылар қабырғадағы жазуды көрсетеді. Олардың айтуынша, бұл қанмен жазылған.

РЕСМИ ОРГАНДАР НЕ ДЕЙДІ

Бұл оқиғаға байланысты БҚО қылмыстық-атқару жүйесі департаменті мәлімдеме жасап, тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлады. Ведомство қызметтік тергеу нәтижелері кейінірек жарияланатынын айтты.