Каспийге қауіп төніп тұр: экология министрлігі Маңғыстаудағы сутегі зауытының құрылысы жайлы не дейді

Сырым Қаржас

Экология және табиғи ресурстар министрлігі Маңғыстау облысында "жасыл" сутегі өндіретін зауыты құрылысы жөнінде сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia коллажы

Германияның Svevind Energy Group компаниясы зауытты салғысы келеді. Бұл туралы әңгіме 2023 жылы басталған, қазір құрылыс алаңында зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алайда бұған экологтар алаңдайды. 

Ulysmedia тілшісі брифингте бұл Каспий теңізінің деңгейі мен экожүйесіне қалай әсер ететінін сұрады.  Алдын ала есептеулер бойынша, зауыт жұмыс істеуі үшін жылына шамамен 60 миллион тонна су қажет болады, ол қазірдің өзінде таязданып бара жатқан Каспийден алынады. 

ҚҰЖАТТАР ЖОҚ   

Вице-министр Жомарт Әлиев брифингте зауыт жобасы бойынша құжаттама әлі ведомствоға түспегенін айтты.

Бұл жобаны жүзеге асыру бойынша нақты техникалық құжаттама, жобалық құжаттама министрлікке түскен жоқ. ҚОӘБ осы жобаны іске асырудың барлық аспектілерін қарастыратын техникалық, жобалық, экологиялық құжаттама негізінде жасалатынын білесіз. Бүгінгі таңда тек көзқарас бар, - деді ол.

Шенеунік су көлемін реттеу, рұқсат құжаттарын беру және сараптама жүргізу мәселелері су ресурстары және ирригация министрлігінің құзыретінде екенін түсіндірді.

Экология министрлігінің "сутегі зауыты" бойынша ұстанымы туралы нақтылайтын сұраққа жауап бере отырып, Әлиев қажетті құжаттаманың жоқтығын тағы да мәлімдеді.

Нақты техникалық шешімдерді көрмей, біз бұл жобаның барлық қоршаған ортаға – су объектілеріне, атмосфералық ауаға қандай антропогендік әсері болатынын, қалдықтардың әртүрлі түрлерін алу тұрғысынан, олар белгілі бір шығындарды қалай өтейтінін білмейміз. Қазір нақты техникалық шешімдерді көрмей сөйлеу өте қиын, – деп жауап берді вице-министр.

“ЖАСЫЛ” СУТЕГІ ЖОБАСЫ

Еске сала кетейік, былтыр Маңғыстау облысы Қарақия ауданындағы «жасыл» сутегі өндіретін зауыттың құрылысы аясында Германияның федералды президенті Франк-Вальтер Штайнмайер мен Қазақстанның премьер-министрі Әлихан Смайыловтың қатысуымен бұрғылау жұмыстарын іске қосу рәсімі өткен еді. Жобаны танымал Svevind неміс компаниясы Еуропалық кеңес Президенті Шарль Мишельдің 2023 жылдың қазан айында Қазақстанға сапары кезінде қол қойылған инвестициялар туралы келісім аясында жүзеге асырып жатыр. Жоба бойынша Маңғыстауда жалпы қуаты 40 ГВт болатын күн және жел станцияларын салу жоспарланып отыр. Бұл жылына 2 млн тоннаға дейін «жасыл» сутегі немесе 11 млн тонна «жасыл» аммиак өндіруге мүмкіндік береді.

Svevind компаниясының басшысы Вольфганг Кропптың айтуынша, әлемде «жасыл» сутегін өндіру бойынша мұндай ауқымда бірде-бір жоба әлі жүзеге асырылмаған.