«Майқайыңалтын» трагедиясы: сот үкімі шықты

Ілияс Бақыт

Павлодар облысының соты 21 ақпанда «Майқайың-Aлтын» АҚ кен орнында тау-кен жұмыстары кезінде орын алған заң бұзушылықтарға көз жұма қараған бұрынғы мемлекеттік қызметкерлерге үкім шығарды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ашық дереккөзден

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРГЕ ҚАТЫСТЫ СОТ ШЕШІМІ

Салғырттық танытты деген айыппен облыстық өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментінің мемлекеттік қадағалау бөлімінің экс-басшысы мен бас маманы сотталды.

«Сотталушы О. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 371-бабының 2-бөлімі бойынша кінәлі деп танылып, үш жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалсын. Сонымен қатар, оған өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы қадағалау және бақылаумен байланысты лауазымдарды атқаруға тыйым салынсын. Қосымша жаза ретінде мемлекеттік және қаржы органдарында басшылық қызмет атқаруға өмір бойына шектеу қойылсын», — деп үкім шығарды Баянауыл аудандық сотының судьясы Тенлік Қадырбекова.

ЕКІНШІ СОТТАЛУШЫҒА БЕРІЛГЕН ЖАЗА

Екінші сотталушы үш жыл мерзімге қауіпті өнеркәсіптік нысандарды бақылау және қадағалау лауазымдарын атқару құқығынан айырыла отырып, екі жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді.

Егер үкім заңды күшіне енсе, екі бұрынғы мемлекеттік қызметкер пробация органдарында есепке алынып, мәжбүрлі еңбекке (жылына 100 сағат) тартылады. Істі қарау барысында ауырлататын мән-жай ретінде сотталушылардың кәсіби антын бұзуы танылды. Ал жеңілдететін жағдайлар ретінде олардың оң мінездемелері, кәмелетке толмаған балаларының болуы, денсаулық жағдайы және толықтай өкінулері ескерілді.

ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ

2024 жылы 4 қаңтарға қараған түні Павлодар облысы Баянауыл ауданы Майқайың кентінің маңындағы "Майқайың алтын" шахтасының аумағында түтін шығып, сол жаққа аттанған құтқарушылар мінген автобус кен топырағы опырылған шұңқырға құлап кеткен. Автобуста ПВАССС РО Павлодар филиалының үш құтқарушысы мен жүргізуші болған. 2024 жылдың сәуір айында Астана соты "Майқайың алтын" АҚ кеніштегі қайғылы оқиғаға толық кінәлі деп таныды. Майқайыңың маңы алтын, көмір кен орындарын қазу салдарынан толған ойықтар мен шахталар.