«Қол жүгін жойып жібереміз»: FlyArystan компаниясы тағы дауға қалды

Ілияс Бақыт

FlyArystan желіде тараған даулы оқиғаға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды  Ulysmedia.kz.

Ашық дереккөзден

ҚОЛ ЖҮГІНЕ ҚАТЫСТЫ АЛҒАШҚЫ ОҚИҒА

2025 жылдың 20 ақпанында Астана әуежайында FlyArystan әуе рейсіне байланысты дау туындады. Атырауға бағыт алған екі жолаушы әуекомпания қызметкерлерінің оларды қол жүгін жоямыз қорқытқандарын айтқан. Бұл оқиға әлеуметтік желілерде үлкен резонанс тудырды.

FlyArystan түсініктеме беріп өз нұсқасын баяндады.

КОМПАНИЯНЫҢ РЕСМИ ТҮСІНІКТЕМЕСІ

FlyArystan деректеріне сүйенсек, жолаушылар белгіленген нормадан асып кеткен төрт бірлік қол жүгін алып өтпек болған.

«Әуе компаниясының ережелеріне сәйкес, жолаушыға салонға тек бір дана қол жүгін алуға рұқсат етіледі. Оның салмағы 5 килограмнан аспауы және өлшемдері 56×23×36 см шегінде болуы тиіс. Әуекомпания қызметкерлері жолаушыларға жүктің бір бөлігімен біріктіруді немесе артық салмақ үшін төлем жасауды ұсынды», – делінген ресми хабарламада.

Алайда, жолаушылар ұсынылған екі нұсқадан да бас тартып, қол жүгін әуежайдың стерильді аймағында қалдырып, ұшақ бортына өткен. Ұшып шыққаннан кейін олар артық салмақ үшін төлем жасауға ниет білдіргенімен, бұл кезеңде төлем қабылдау мүмкін болмаған. Себебі, бұл әрекет рейстің кешігуіне алып келуі мүмкін еді.

ҚОЛ ЖҮГІНІҢ ТАҒДЫРЫ

FlyArystan мәліметіне сәйкес, жолаушылардың қалдырған заттары Астана әуежайындағы ішкі істер бөлімінің қызметкерлеріне тапсырылған. Олар бұл заттарды уақытша сақтау камерасына орналастырды. Белгілі бір мерзім өткен соң, егер иелері хабарласпаса, қол жүгі жойылуы мүмкін. Қалдырылған заттардың нақты тағдырын сақтау орнының ережелеріне сәйкес анықтау қажет.