Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев әлеуметтік желідегі парақшасында қонақысына қатысты жазба жариялап, көпшілікті ойландырып қойды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
“РЕСТОРАНДА ТАМАҚ БЕРЕДІ...”
Депутат Мұқаев инстаграмм парақшасында видео жариялаған. Ондағы әйел адам қазір қазақта қонақасы деген дәстүрдің жойылып бара жатқанын айтады.
“Үйінде өлік жатқанда ресторанда мәз болып тамақ ішіп отыратын адамдарды мен түсінбеймін. Қазақта қонақасы деген дәстүр бар. Қайтыс болған адам болса үйде тамақ істелмейтін. Ол үйде ешқашан от жанбайтын. Көршілер алыстан келген қонақтарды үйіне таратып алып кетеді де сөйтіп ертесінде қойылғаннан кейін барып тамақ беріледі. Қазіргі уақытта үйде қайтыс болған кісі жатса да үйдің иесі ана кісілерге жақсы болуы үшін ресторанда тамақ беріп жатады”,- дейді видеодағы спикер.
“ЖАҒДАЙДЫ ҚИЫНДАТЫП ЖІБЕРДІ”
Мәжілісмен Дәулет Мұқаев өз кезегінде мұны өзекті мәселе деп қозғады.
“Өлік шыққан үй иелері өз қайғысын көтерудің орынына қонақ күтіп дастархан жаюға мәжбүр болады. Қаржылық жағдайы мәз емес отбасылар қарызға батса да дастархан жаюдан тартынбайды. Бұл шынымен қажет пе?”, – дейді депутат.
Осылай деген депутат бұл жағдайды Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы назарына алса екен деп сөзін түйіндеді.