Қазақ елі классик жазушы Дулат Исабековпен қоштасты

Сырым Қаржас

Бүгін, 23 ақпанда Алматыда қабырғалы қазақ халқы классик жазушы, белгілі драматург, Қазақстанның Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Дулат Исабековті ақтық сапарға шығарып салды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Qaz365.kz/Бауыржан Карипов

ТОЛЫҒЫРАҚ

Марқұммен қоштасу рәсімі Қазақстан Жазушылар Одағы ғимаратында өтті. Қаралы жиынға Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин арнайы қатысып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айту хатын оқып берді.

«Көрнекті жазушы, драматург, Қазақстанның Еңбек ері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Дулат Исабекұлы Исабековтің дүниелен өткіне байланысты ауыр қайғыға ортақтасып, көңіл айтамын. Дулат Исабекұлы ұлағатты ғұмырын ұлт әдебиетіне арнаған, тағылымды туындыларымен оқырман санасына шамшырақ бола білген нағыз дегдар тұлға еді. Халқымыздың рухани әлемін байытуда, ұлттық прозамыздың көкжиегін кеңейтуде аянбай тер төгіп, өнегелі өмір сүрді. Қуатты қаламынан туған сүбелі шығармалары, драмалық еңбектері әлем сахналарын бағындырып, дүние жүзіне киелі сөз өнерімізді дәріптеді. Соңына әдеби мол мұра қалдырған Дулат Исабекұлының жарқын бейнесі мен ардақты есімі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын!» делінген Президенттің көңіл айту хатында.

ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ ҚАРА ЖАМЫЛҒАН КҮН

Қоштасу рәсіміне Дулат Исабековтің достары, үзеңгілестері, замандастары, танымал тұлғалар қатысып, марқұмның отбасына көңіл айтты. Жиылған көпшілік тебірентіп сөз сөйледі.

"Қазақ әдебиетін Дулат Исабековсіз елестету мүмкін емес. Ол қолынан қаламы түскенше тек қазақ әдебиетіне еңбек сіңірді. Біз өз ұлыларымызды ұлықтаған, қадірлеген халықпыз. Бүкіл Қазақстан қазір қара жамылып отыр, - деді Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов.

Қаралды жиында марқұмның жақындарына премьер-министр О.Бектеновтің, Сенат төрағасы М.Әшімбаевтың, Мәжіліс төрағасы Е.Қошановтың және облыс әкімдерінің көңіл айту хаттары табысталды.

Айта кетейік, қазақ әдебиетінің қайталанбас өкілі, талантты жазушы, көрнекті драматург Дулат Исабеков биыл 21 ақпан күні түнде 82 жасында өмірден өтті.