Ресей мен Украинаны бітімге жеткізу үшін АҚШ белсенді түрде іске араласуы қажет, деп мәлімдеді Франция президенті. Ол Ақ үйге оралған Трамппен кездескен Еуропаның бірінші президенті болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz порталы DW-ге сілтеме жасап.
Еуропа Украинаға қауіпсіздік кепілдіктерін беруге, оның ішінде бұл елге бітімгерлерін жіберуге дайын. Бұл туралы Франция президенті Эммануэль Макрон 24 ақпан, дүйсенбі күні Вашингтонда АҚШ президенті Дональд Трамппен Украинадағы соғысты тоқтатудың жолдарын талқылаған кездесуінен кейін мәлімдеді.
Бітім болуы үшін Макрон АҚШ іске «белсенді» түрде араласуы қажет екенін атап өтті. Ол сондай-ақ, үш жылдан бері жалғасып келе жатқан соғысты тоқтату бойынша келіссөздерге Украина үкіметінің де қатысуы маңызды екенін айтты. Макронның сөзінше, оның басты мақсаты – Украинада нық бейбітшілік орнату.
ТРАМП: ПУТИН БІТІМГЕРЛЕРДІ ЖІБЕРУГЕ КЕЛІСТІ
Өз кезегінде Трамп АҚШ-тың еуропалық бітімгерлік күштерін Украинаға жіберу идеясын қолдайтынын мәлімдеді. Ақ үй басшысының айтуынша, ол бұл мәселені Ресей президенті Владимир Путинмен талқылаған және Путин мұндай ұсынысты қабылдауға дайын екенін жеткізген.
Сондай-ақ, Трамп Украинадағы соғысты жақын апталарда тоқтату мүмкін екенін айтты.
«Менің ойымша, біз бұл мәселені бірнеше аптаның ішінде шеше аламыз. Егер ақылды әрекет етсек қана. Егер біз ақылды болмасақ, соғыс жалғасады. Жас әрі болашағы зор адамдарымыздан айырылып қала береміз. Бұл – біз қаламайтын нәрсе», — деді АҚШ президенті.
Украинаның оккупацияланған аумақтары бойынша сұраққа жауап бере отырып, Трамп «көрейік» деп жауап берді.
ТРАМП АЛҒАН БЕТІНЕН ҚАЙТАТЫН ЕМЕС
Ақ үй басшысы Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесу өткізуге дайын екенін атап өтті. Оның айтуынша, Вашингтон мен Киев табиғи ресурстар бойынша келісімге қол қоюға жақын қалған.
«Ол осы немесе келесі аптада келе алады. Бұл келісімге қол қою үшін жақсы мүмкіндік болар еді», — деді Трамп.
Сондай-ақ, АҚШ президенті қақтығыстың одан әрі ушығуына және үшінші дүниежүзілік соғыстың басталуына жол бермеуге ниетті екенін жеткізді.
«Бұл соғыс тек осы екі елмен ғана шектелмейтін уақыт келеді. Оған басқа елдер де араласады. Бұл шынымен де үлкен соғысқа апарып соғуы мүмкін», — деп мәлімдеді ол.
АҚШ президенті сондай-ақ Ресей президенті Владимир Путинмен тиісті уақытта кездесу өткізуге дайын екенін және Ресейге баруға ниетті екенін айтты. Truth Social әлеуметтік желісінде ол Мәскеумен экономикалық әріптестікті дамыту жоспарын бөлісті.
«Мен Ресей президенті Владимир Путинмен соғысты тоқтату және АҚШ пен Ресей арасындағы экономикалық дамудың ірі мәмілелерін іске асыру туралы маңызды келіссөздер жүргізіп жатырмын. Бұл келіссөздер өте жақсы жүріп жатыр», — деді Трамп.
Эммануэль Макрон Трамп Ақ үйге қайта оралғаннан кейін Вашингтонға барған алғашқы еуропалық көшбасшы болды. Осы аптаның ортасында Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер Вашингтонға сапар шегеді деп күтілуде. Макрон мен Стармер Трампты Украинадағы соғысты тоқтатуға кез келген жағдайда талап етпеуге көндіруге тырысады.