Шаруаларға үкімет резервінен 116 млрд теңге бөлінді

Сымбат Сатыбалдина

Үкімет резервінен шаруаларды қолдауға 116 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia коллажы

ҚАУЛЫ

Үкімет резервінен отандық шаруаларды қолдау үшін 116 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Премьер-министр Олжас Бектенов тиісті қаулыға қол қойды. 

ҚҰЖАТ

Құжат 2025 жылғы 28 қаңтарда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында президенттің көктемгі егіс пен жиын-терім жұмыстарына кемінде 700 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген қаржыландыруды қамтамасыз ету бойынша берген тапсырмасын орындау шеңберінде қабылданды.

НЕ ҮШІН БӨЛІНГЕН ҚАРЖЫ

Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолжетімді несие арқылы қолдау және шаруалардың қаржылық жағдайын тұрақтандыру мақсатында қаулыға сәйкес Үкімет резервінен шамамен 116 млрд 772 млн теңге бөлу қарастырылған.

Қаражатты 2025 жылғы көктемгі егіс және жиын-терім жұмыстарын сапалы жүргізу, сондай-ақ отандық өндірістегі ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу үшін АӨК субъектілерін қаржыландыруға бағыттау жоспарланған. Бұл әрі қарай елімізде өндірілген және құрастырылған ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуды қаржыландыруға, кейін оны лизингке беруге, сондай-ақ «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ тарапынан несие шарттарын кепілдендіру кезінде комиссияны арзандату үшін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ мен «ҚазАгроҚаржы» АҚ облигациялары бойынша купондық сыйақыны субсидиялау арқылы жүзеге асырылады.

БҰҒАН ДЕЙІН

Еске сала кетейік, президенттің 2024 жылғы 7 ақпанда өткен ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын орындау шеңберінде Үкімет 2025 жылғы көктемгі егіс және жиын-терім жұмыстарын қаржыландырудың көлемін арттыру мақсатында алғашқы 100 млрд теңгені 2024 жылдың желтоқсанында бөлген болатын.