Оффшорда 1,4 млрд теңге: олар қанша салық төледі

Ілияс Бақыт

Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті шетелдік салық органдарынан алынған ақпарат негізінде Қазақстанның екі мыңнан астам резидентін тексерді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж Ulysmedia

5,4 МЛРД ТЕҢГЕ САЛЫҚ ТӨЛЕНДІ

Тексеру нәтижесінде 1602 қазақстандық 5,4 млрд теңге мөлшерінде жеке табыс салығын (ЖТС) төледі. Түсімдердің ең ірі бөлігі, оның ішінде дивидендтер мен сыйақылар түріндегі кірістер Біріккен Араб Әмірліктері, Ұлыбритания, Қытай Халық Республикасы, Түркия және басқа елдерден түскен.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ ОФШОРДАҒЫ ЕСЕПШОТТАРЫ

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметіне сәйкес, қазақстандықтардың офшорлық юрисдикцияларда ашылған банк есепшоттарында 1,4 млрд теңге сақтаулы. Ең ірі сомалар Панама Республикасында – 1,2 млрд теңге, Вануатуда – 0,2 млрд теңге, Сан-Маринода – 0,1 млрд теңге және басқа елдерде тіркелген.

АВТОМАТТЫҚ АҚПАРАТ АЛМАСУ ЖҮЙЕСІ

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ЭЫДҰ) мүше елдердің құзыретті органдары жыл сайын бірыңғай автоматты ақпарат алмасу стандарты (CRS) аясында жеке және заңды тұлғалардың, сондай-ақ бенефициарлық меншік иелерінің есепшоттары туралы мәліметтермен бөліседі. Осы деректер алмасудың арқасында Қазақстан бюджетіне 5,4 млрд теңге түскені белгілі болды.

ҚАЗАҚСТАН 89 ЮРИСДИКЦИЯМЕН АҚПАРАТ АЛМАСАДЫ

2024 жылға қарай Қазақстан CRS жүйесі аясында 89 юрисдикциямен, соның ішінде 26 офшорлық елмен деректер алмасуды жүзеге асыруда.

КАПИТАЛДЫҢ ЗАҢСЫЗ ШЫҒУЫНА ҚАРСЫ КҮРЕС

ЭЫДҰ әзірлеген механизм заңсыз капитал шығарумен күресуге және шетелде есепшоттары бар қазақстандықтардың кірістерінен салықты тиімді әкімшілендіруге көмектеседі. Бұл өз кезегінде ел бюджетіне түсетін кірісті арттыруға ықпал етеді, деп атап өтті Мемлекеттік кірістер комитеті.