Трамп Зеленский Вашингтонға не үшін келетінін айтты

Сымбат Сатыбалдина

АҚШ президенті Дональд Трамп Владимир Зеленский Вашингтонға келетінін растады. Зеленский Украинаның табиғи ресурстарын бірлесіп игеру туралы келісімге қол қою үшін АҚШ-қа бармақ, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

AP Photo

МӘН-ЖАЙ

Reuters және The Hill басылымдарының мәліметінше, Трамп Зеленскийдің АҚШ-қа ресми сапармен келетінін “естіген”. 

- Және мен, әрине, егер ол келетін болса қарсы емеспін, деді Трамп.

Ал Reuters дереккөздері бойынша, Зеленскийдің келуіне Ақ үйдегілер түрткі болған. 

ТРАМП ПЕН МАКРОН НЕ ДЕДІ

Еске салайық, бұған дейін Ресей мен Украинаны бітімге жеткізу үшін АҚШ белсенді түрде іске араласуы қажет деп Франция президенті мәлімдеген болатын. Ол Ақ үйге оралған Трамппен кездескен Еуропаның бірінші президенті болды. 

Еуропа Украинаға қауіпсіздік кепілдіктерін беруге, оның ішінде бұл елге бітімгерлерін жіберуге дайын. 

Бітім болуы үшін Макрон АҚШ іске «белсенді» түрде араласуы қажет екенін атап өтті. Ол сондай-ақ, үш жылдан бері жалғасып келе жатқан соғысты тоқтату бойынша келіссөздерге Украина үкіметінің де қатысуы маңызды екенін айтты. Макронның сөзінше, оның басты мақсаты – Украинада нық бейбітшілік орнату.