Әділет министрі Стати ісі жайлы Статитің рұқсатынсыз айта алмайды

Аян Өрібай

Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев Қазақстан билігі бірнеше жыл соттасқан кәсіпкер Анатол Статидың ісі жайлы ашық айта алмайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia коллажы

Үкіметке келген әділет министріне журналистердің бірі “Қазақстан қанша төлем жасауы керек? Қанша пайызы жасалды? Кімнің есебінен?” деп сұрақ қойды.

Былтыр әділет министрлігі тарапынан толық ақпарат берілді. Біз жақтан бәрі жабылды. Қазір бүкіл келісімшарттары құпия түрде жазылған. Сондықтан екінші тарапсыз бұл ақпаратты ашық түрде айта алмаймын. Бюджеттен бірде-бір тиын тартылған жоқ. Сондықтан қазіргі кезде қазір осындай ақпарат. Бұл екі жақтың келісімі болғандықтан, біржақты бұза алмаймын, – деді ол.

СТАТИ ІСІНЕ НҮКТЕ

Қазақстан Үкіметі мен Ұлттық банк және Стати тараптары Tristan Oil жетекші кредиторларының қолдауымен Қазақстандағы мұнай-газ активтері туралы ұзақ мерзімді дауды реттеу үдерісін сәтті аяқтағаны күні кеше хабарлаған еді.

ДАУ ЖАЙЛЫ

Сот дауы 2010 жылы Қазақстан Статидің мұнай кен орындарын тәркілегеннен кейін туындаған. 1999 жылдан бастап Стати кәсіпкерлері Қазақстандағы Боранкөл, Толқын және Табыл блогы кен орындарына пайдаланылмайтын лицензиялары бар екі компанияны сатып алған.

Келесі онжылдықта олар бизнесті табысты барлау және өндіру компанияларына айналдыру үшін 1 миллиард доллардан астам инвестиция салды. 2008 жылдың аяғында бизнес табысты болып, мемлекетке айтарлықтай табыс әкелген. Стати дивидендтерді төлеп үлгерген сәтте, оннан астам мемлекеттік орган көп тексеру жүргізіп, ақыры Стати тараптарына қарсы теріс қылықтар бойынша айып тағылып, оның қызметкерлерін қылмыстық қудалау басталды.

Қазақстанның іс-әрекеттері Статидің инвестицияларға меншік құқығына күмән келтіріп, жүздеген миллион доллар салық төлетуге, қылмыстық санкцияларға ұшыратты. Кейінірек Стокгольм арбитражы 2010 жылдың шілдесінде Қазақстан билігінің Стати инвестицияларын мемлекет меншігіне алуын заңсыз деп тапты.