Қызылорда облысындағы мыңдаған тұрғын ауыз суды көшедегі құдықтан ішуге мәжбүр – сенатор

Сымбат Сатыбалдина

Қызылорда облысындағы мыңдаған тұрғын ауыз суды көшедегі құдықтардан ішуге мәжбүр. Бұл туралы сенатор Руслан Рүстемов айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Freepik

ДЕПУТАТ НЕ ДЕДІ

Депутат Қызылорда облысындағы ауызсу мәселесін көтерді. 

 – Президент Қазақстан халқына жолдауында өңірлерді дамытудың ұлттық жобасы аясында бес жыл ішінде халықтың 100 пайызын ауыз сумен қамтамасыз етуді туралы тапсырма берген болатын. Осы орайда Қызылорда облысында халықты ауызсумен қамту мәселесінде түйіні тарқатылмай тұрған бірқатар өзекті мәселені және ауызсуға зәру елдімекендердің жағдайын назарға ұсынуды жөн көрдік. Облыс аумағында төрт қала және 223 ауыл бар. Өңірдегі барлық қала жүз пайыз ауызсумен қамтылған, дейді сенатор. 

Алайда 23 ауыл бүгінге дейін ауызсу желісіне қосылмаған.

- Елдімекендерді 2025 жылдың соңына дейін сапалы ауызсумен қамту мақсатында облыс әкімдігімен арнайы жол картасы әзірленіп, жоспарға сәйкес жұмыстар атқарылып жатыр. Жол картасы аясында бес елдімекенді топтық су құбырына қосу, екеуіне су тұшытқышын орнату, төртеуінде ішкі су жүйесін құру, 12 елдімекенді қазіргі жағдайда қалдыру жоспарланған. Қазіргі уақытта Арал ауданының Ақбасты, Тоқабай, Абай ауылдық елдімекендерін Арал-сарыбұлақ топтық су жобаларына қосу су ресурстары және ирригация министрлігі арқылы жүзеге асырылып жатыр. Бұл жобалардың құрылысы 2021 жылы басталғанымен әлі күнге дейін аяқталмай, ұзаққа созылып келеді. Тоқабай, Абай елдімекендерін топтық су құбырына қосу жобасының келісімшарты бойынша құны 8,1 млрд теңге. Алайда бүгінге дейін бөлінген 2,4 млрд теңге жобаны аяқтау үшін мүлде жеткіліксіз, дейді Руслан Рүстемов. 

Жобаға сәйкес, түрлі диаметрдегі 138 шақырым су құбырлары, екі дана сорғы станциясы және төрт су қоймасы салынуы тиіс болса, бүгінде тек 23 шақырым су құбыры жүргізілген.

- Ақбасты елдімекенін топтық су құбырына қосу жобасында қаралған су құбырлары толық жүргізілгенімен жоба құны бойынша қарадаттың толық көлемде бөлінбеуі салдарынан сорғы станциялары мен су қоймаларының құрылысы әлі күнге дейін аяқталмаған. Бұл жобаларды жүргізу кезінде күрделі жағдайлар қалыптасып, құрылыс қарқыны баяулауы себебінен 2025 жылдың соңына дейін елдімекендерді сапалы ауызсумен қамтамасыз ету бойынша президенттің тапсырмасының мерзімінде орындалмауы қаупі туып отыр. Одан бөлек, облыс аумағындағы алты елдімекенде халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету үшін республикалық бюджеттен қаржы бөлу керек. Бұл мәселе шешімін тапқанша ауыл тұрғындары басқа ауылдар арқылы су тұтынуға мәжбүр болып, сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мәселесін жиі көтеріп жүр. Сондықтан бұл мәселені шешу мақсатында жергілікті бюджеттен жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, жобаларға республикалық бюджеттен 787 миллион теңге қаржы қаралды. Дегенмен бөлінген қаржы жобаларды толық аяқтауға жеткізіліксіз, дейді депутат. 

Сенатор облыс тұрғындарын сапалы сумен қамтамасыз ету мақсатында республикалық бюджеттен 8,5 миллиард теңге қаржы бөлуді сұрады.