Сенат спикері Мәулен Әшімбаев парламенттік тыңдау барысында еңбек нарығындағы жағдайға қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, 2030 жылға дейін ел экономикасына барлық сала бойынша қосымша 1,6 миллион маман қажет болады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, қазір білікті мамандар тапшылығы байқалады. Әсіресе, инженерлер, техникалық мамандар, агрономдар және ветеринарлар жоғары сұранысқа ие.
Бұл үрдіс алдағы уақытта күшейе түседі. Еңбек ресурстарын дамыту орталығының болжамы бойынша, 2030 жылға дейін ел экономикасына барлық сала бойынша қосымша 1,6 миллион маман қажет болады. Бүгінде Қазақстанға техникалық және кәсіптік білім алған шамамен 900 мың маман, ал жоғары білімді 430 мың маман керек. Сонымен қатар, құрылыс, ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі және көлік секілді негізгі салаларда еңбек ресурстарына сұраныс жоғары, – деді Әшімбаев.
Спикердің айтуынша, елдегі әр бесінші түлек өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Бұл кадрларды даярлау жүйесі қазіргі экономиканың нақты секторындағы сұраныстарға толық сәйкес келмейтінін көрсетеді.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда туыстық байланыстар салдарынан жас мамандардың ғарыш саласынан кетіп жатқаны хабарланған болатын.