«Қазақ тілі» коғамының құрылтайына қатысып, президенттің құттықтау хатын оқып берген мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин осылай деді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
VIII ҚҰРЫЛТАЙ ӨТТІ
Бүгін 28 ақпанда «Қазақ тілі» коғамының VIII құрылтайы өтті. Жиынға мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин қатысып, Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.
Сондай-ақ, жиын барысында тілді сақтау, оны ғылымның және озық технологияның тіліне айналдыру жолында мемлекет тарапынан қолға алынып жатқан шаралар туралы баяндады.
“Тілдің болашағына қатысты пессизмизмен арылу керек. Әрине егемендік енді алған кезде тіл мәселесі күрделі еді. Сол уақытта тілді сақтап қалу жөнінде түрлі пікірталас болғаны анық. Бірақ одан бері заман оңалды. Қазір жағдайды ол кезбен мүлде салыстыруға болмайды. Барды бар деуіміз керек. Ана тіліміздің қолданылу аясы күн санап кеңейіп келеді. Бүгін дүниежүзінде 7 мыңнан астам тіл болса соның екі жарым мыңға жуығы жойылып кету қаупінде тұр. Қазақ тіліне қатысты мұндай қатер жоқ деп сенімді түрде айтуға болады. Ана тіліміз тұғыры мықты 80 тілдің қатарында тұр”,- деді Ерлан Қарин.
“ҚАЗАҚ ТІЛІ” ҚОҒАМЫ: ТАРИХЫ МЕН ҚЫЗМЕТІ
Қазақ тілі қоғамы 1989 жылы Қазақстанда қазақ тілін қолдау және оны мемлекеттік тіл ретінде дамыту үшін құрылды. Сол кезеңде қазақ тілі орыс тілінің көлеңкесінде қалып, қоғамдық және ресми салаларда қолданылуы шектеулі болатын. Қоғамның негізгі мақсаты – қазақ тілінің мәртебесін нығайту және оны білім беру, ғылым, мәдениет, экономика және мемлекеттік басқару салаларында кеңінен қолдану.
Қызмет бағыттары
Қазақ тілін дамыту – мемлекеттік органдар мен мекемелерде қазақ тілін қолдану аясын кеңейту, заңнамалық қолдаулар жасау.
Ағарту жұмыстары – қазақ тілінде оқулықтар, әдістемелік құралдар шығару, тілді үйрету курстарын ұйымдастыру.
Терминологияны жетілдіру – ғылыми-техникалық, заң, медицина және басқа салаларда қазақша терминдердің дұрыс қолданылуын қамтамасыз ету.
Қазақ мәдениеті мен әдебиетін қолдау – қазақ жазушылары мен ақындарының еңбектерін насихаттау, конференциялар мен кездесулер өткізу.
Қоғамдық бақылау – мекемелерде қазақ тілінің ресми қолданылуын тексеру, заңнамалық деңгейде ұсыныстар жасау.
ДАЙРАБАЕВТЫҢ ТІЛГЕ ҚАТЫСТЫ МӘЛІМДЕМЕСІ
Мәжілістің осы аптадағы отырысында Дайрабаев Жигули Дайрабаев Солтүстік Қазақстанға барып, басқа мемлекетте жүргендей сезінгенін айтқан еді. Мәдениет және білім беру мәселелері бойынша заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын талқылау барысында депутат Жигули Дайрабаев тіл мәселесін көтерді.
Кейін "Ауыл" партиясы саяси кеңесі төралқасының отырысында Жигули Дайрабаевты партия төрағасының орынбасары қызметінен босату туралы бірауыздан шешім қабылданғаны белгілі болды.