Тарихи сөзталас: Ақ үйдегі Трамп пен Зеленский арасындағы қатаң текетіреске әлем қалай реакция білдірді

Сырым Қаржас

Жұма кешінде бүкіл әлем АҚШ президенті Дональд Трамп пен Украина басшысы Владимир Зеленский арасындағы Ақ үйде өткен кернеулі кездесуді тікелей эфирде бақылап отырды. Протокол қызметкерлері мен Ақ үй журналистерінің айтуынша, мұндай оқиға бұл қабырғаларда бұрын-соңды болмаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz порталы BBC-ге сілтеме жасап. 

АЙ ҮЙДЕН ЗЕЛЕНСКИЙДІ ШЫҒАРЫП ЖІБЕРДІ

Кездесу соңында Трамп пен АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс Зеленскийдің олардың дәлелдеріне сенбегенін алға тартып, оны “алғыссыз” деп атады. CBS мәліметінше, олар Зеленскийден Ақ үйден кетуін сұраған.

“Мұндай көріністі Ақ үйде елестету мүмкін емес”, – деді кездесуден шыққан журналистердің бірі.

Бұл оқиғаның дипломатиялық тарихта теңдессіз болғаны анық. Украина мен әлем бұл кездесуге қалай қарады?

ЕУРОПА ЗЕЛЕНСКИЙДІ ҚОРҒАДЫ

Дональд Трамп пен Владимир Зеленский арасындағы даулы кездесуден кейін Еуропа елдерінің көшбасшылары Украинаға қолдау білдірді.

Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер бұл оқиғадан кейін “Украинаға деген мызғымас қолдауын” мәлімдеді.

Оның өкілі премьер-министрдің екі президентпен телефон арқылы сөйлескенін растады.

“Стармер Украинаға қолдау көрсетуін жалғастырады және оның егемендігі мен қауіпсіздігіне негізделген тұрақты бейбітшілікке қол жеткізу жолын табу үшін барын салады”, – деп хабарлады Ұлыбритания премьерінің баспасөз қызметі.

Ұлыбритания Парламенті Қауымдар палатасының жетекшісі Пенни Мордаунт бұл оқиғаға ашулы екенін айтып, Киевтің позициясын күшейтуге шақырды:

“Ұлыбритания мен ЕО Еуропаның қорғанысын нығайту үшін көбірек іс атқаруы керек. Тек сөзбен қолдау жеткіліксіз. Қаржылай көмек те жеткіліксіз. Бұрынғыдай әрекет ете беру жеткіліксіз. Оян, Ұлыбритания. Оян, Еуропа”, – деді ол.

Германияның сыртқы істер министрі Анналена Бербок Украинаға және оның егемендігін қорғауға қолдау көрсетуді жалғастыратынын мәлімдеді.

“Украина Германия, Еуропа және басқа да одақтастарынан мызғымас қолдау алады”, – деп жазды ол Х әлеуметтік желісінде.

Польша премьер-министрі Дональд Туск Украинаға қарата: “Сіздер жалғыз емессіздер”, – деді.

Франция президенті Эммануэль Макрон Португалияда жүрген жерінде, “Ресей – агрессор, ал Украина оның құрбаны” екенін еске салды.

“Біз ең басынан күресіп келе жатқан адамдарды құрметтеуіміз керек”, – деді Макрон.

Кездесуден кейін Зеленский мен Макрон телефон арқылы сөйлескені белгілі, бірақ әңгіме мазмұны жарияланбады.

Испания премьер-министрі Педро Санчес Х әлеуметтік желісінде бірнеше тілде: “Украина, Испания сенімен бірге”, – деп жазды.

Молдова президенті Майя Санду: “Шындық қарапайым. Ресей Украинаға басып кірді. Ресей – агрессор. Украина өз бостандығын және біздікін қорғап жатыр. Біз Украинамен біргеміз”, – деді.

Еуропалық сыртқы саясат қызметінің жетекшісі Кая Каллас:

“Украина – бұл Еуропа! Біз Украинаны қолдаймыз және олардың агрессорға қарсы тұруын жалғастыруы үшін көмектесеміз”, – деп жазды.

Сонымен қатар, Каллас Еуропаның жаңа рөлін атап өтті:

“Бүгін біз еркін әлемге жаңа көшбасшы керек екенін түсіндік. Біз, еуропалықтар, бұл міндетті мойнымызға алуымыз керек”.

Зеленскийді қолдаған мәлімдемелерді Канада, Чехия, Латвия және Литва да жасады.

УКРАИНА ӨЗ БАСШЫСЫМЕН МАҚТАНАДЫ

Украиналық БАҚ Зеленскийдің Ақ үйден ерте шыққанын және келіссөздердің сәтсіз аяқталғанын алғашқылардың бірі болып хабарлады.

Алайда украиналық саясаткерлер президентті кінәлаған жоқ, керісінше, оған қолдау білдірді.

Жоғарғы Раданың спикері Руслан Стефанчук Х желісінде ағылшын тілінде жазды:

“Президентке толық қолдау […] ЕШКІМ Украинаның бұл соғыста Ресей агрессиясының құрбаны екенін ұмытуға құқығы жоқ!!!”

Украина премьер-министрі Дмитрий Шмыгаль:

“Президент дұрыс айтады. Кепілдіктерсіз бейбітшілік мүмкін емес”, – деп жазды.

Президент кеңсесінің басшысы Андрей Ермак Telegram-да:

“Президентті қолдаймын. Ол әрқашан батыр халқымыздың мүддесін қорғайды. Кез келген жағдайда. Нүкте”, – деді.

Украина Қарулы Күштерінің Бас қолбасшысы Александр Сырский Telegram-да:

“Қарулы Күштер – Украинамен, халқымен, Жоғарғы Бас қолбасшымен бірге. Біздің күшіміз – бірлікте”, – деп жазды.

РЕСЕЙ ҚУАНЫШЫН ЖАСЫРМАДЫ

Мәскеу Ақ үйде Зеленскийге жасалған қатаң қабылдауды үлкен қуанышпен қабылдады.

Ресей Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова Telegram-да:

“Зеленскийдің Ақ үйдегі ең үлкен өтірігі – 2022 жылы Киев режимінің жалғыз қалғаны туралы сөзі. Трамп пен Вэнс бұл арамзаға соққы бермей өзін қалай ұстады – нағыз төзімділік!”, – деп жазды.

Ресейдің бұрынғы президенті Дмитрий Медведев Зеленскийді “тәкаппар шошқа” деп атап, оның “Овальды кабинетте лайықты соққы алғанын” айтты.

Ресей Тікелей инвестициялар қорының басшысы Кирилл Дмитриев, Сауд Арабиясындағы америкалық-ресейлік келіссөздерге қатысқан өкіл ретінде, бұл жағдайды:

“Трамп пен Зеленскийдің текетіресі – тарихи оқиға” деп сипаттады.