Ақтауда қоқыс контейнерін сатып алуға миллиард теңгеге жуық ақша бөлінбек

Сымбат Сатыбалдина

Ақтау қалалық әкімдігі мемлекеттік сатып алу порталында әр данасы 4,6 миллион теңге тұратын қоқыс контейнерлерін сатып алуға арналған лот жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia.kz коллажы

ТАЛҚЫЛАУ

Lada.kz мәліметінше, «Ақтау қалалық ТКШ бөлімі» ММ үшін тұрмыстық қатты қалдықтарды (ТҚҚ) жер астында жинау және сақтау үшін гидравликалық жүйені сатып алу және орнату» атты лот 28 ақпанда талқылауға шығарылды. Конкурсқа қатысуға алдын ала өтінім 5-13 наурыз аралығында қабылданады.

Билік бұл жобаға қосымша құн салығын есептемегенде 891 428 570 теңге бөлуді жоспарлап отыр. Құжаттамада бір контейнердің бағасы 4 642 857 теңге деп көрсетілген. Шамамен 192 контейнер сатып алу жоспарланып отыр.

КОНТЕЙНЕРЛЕР ТУРАЛЫ

Құжатқа сәйкес контейнерлердің ішкі көлемі кемінде 1,1 текше метр (1100 литр) болуы тиіс. Өлшемдері – 3560х1800х2700 мм. Корпус типі – ыстықтай илектелген болаттан жасалған дәнекерленген құрылым. Сақтау бактары – дәнекерленген, тот баспайтын болат, – делінген техникалық сипаттамада.

- 192 контейнер орнату үшін қажет материалдарды сатып алу және әр жүйеге 3 евроконтейнерден орналастыру кіреді (жалпы саны – 576 дана), – делінген құжаттарда.

КОНТЕЙНЕРДІ ОРНАТУ ОРЫНДАРЫ

Қалалық ТКШ бөлімінің мәліметінше, контейнерлерді орнататын нақты орындар әлі белгіленбеген.

- Контейнерлер халық көп жиналатын орындар немесе көпқабатты тұрғын үйлердің жанына орнатылуы мүмкін. Көбінесе қоқыс уақытында шығарылмай, контейнерлер лық толып, қалдықтар жан-жаққа шашылып жатады. Сондықтан санитарлық талаптарды сақтау және қаланың эстетикалық көрінісін жақсарту мақсатында мұндай контейнерлерді тұрғын үйлердің жанында орнатуды жоспарлап отырмыз, – деп мәлімдеді бөлім өкілдері.

Құжатқа сәйкес, контейнердің кепілдік мерзімі 36 ай болуы тиіс.