"Қазақмыс" корпорациясы химиялық зертханалар басқармасының бұрынғы басшысы Бақыт Әділова кәсіпорын кен шикізатындағы металдардың құрамын бұрмалап, есептеудің қате әдістерін қолданатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы ол "Гиперборей" бағдарламасында сөз қозғап, Қазақстаннан сирек кездесетін металдардың заңсыз шығарылған мәселесін талқылады. Әділованың айтуынша, 2019 жылы Балқаш және Жезқазған өңіріндегі негізгі екі химиялық зертхана шетелдік компанияға аутсорсиңге берілген. Дәл осы жерде кен шикізаты мен оны қайта өңдеу өнімдеріндегі металдардың нақты құрамы бұрмаланған. Халықаралық тәжірибеге сәйкес, металдарды есепке алу үшін жоғары дәлдікті химиялық талдау әдістері қолданылады. Алайда оның айтуынша, "Қазақмыс" бұл талаптарды елемей, рентгеноспектральдық экспресс-талдау әдістеріне жүгінген.
Қарапайым жұмысшыдан бастап кәсіпорын басшысына дейін бәрі біледі: рентгеноспектральды әдіс – дәлдігі төмен, жартылай сандық талдау тәсілі. Ол тек технологиялық процесті түзету мақсатында пайдаланылады. Ал металдардың нақты мөлшерін есепке алу және өзара есеп айырысу үшін жоғары дәлдікті химиялық талдау әдістерін қолдану қажет. Бұл талаптар біздің ұлттық және мемлекетаралық стандарттарымызда айқын көрсетілген, – деп түсіндірді Әділова.
Әділова корпорацияның Жезқазғандағы рентгеноспектральды зертхананы заңсыз аккредитациядан өткізгенін мәлімдеді.
Бұл – аккредитация туралы заңды тікелей бұзу ғана емес, сондай-ақ кен мен оны қайта өңдеу өнімдеріндегі металдар құрамын бұрмалауды заңдастыру болып есептеледі. Сонымен қатар, экспортталатын шикізатқа рентгеноспектральдық әдіспен жүргізілген сертификаттау талдауларына қатысты дәлелді құжаттар құқық қорғау органдарына тапсырылды.
Әділова бұл тәжірибенің өзге де тау-кен компанияларында қайталануы мүмкін екенін ескертіп, "Қазақмыс" сапа жөніндегі директоры химиялық талдауды толығымен алып тастап, рентгеноспектральдық зертханаларды аккредитациялауға мүдделі" екенін айтты.
ЕЛДІ ТОНАУ МА
Elge Qaitaru активтерді қайтару қорының директоры Оразалы Ержанов бұл жағдайды "ұлттық байлықты тікелей талан-таражға салу" деп бағалады.
Қазақмыс шетелге экспорттайтын мыс концентраты мен кенге химиялық талдау жүргізбейді. Мемлекет нақты қандай шикізаттың экспортталып жатқанынан хабарсыз. Оның құрамында тек мыс емес, бағалы және сирек кездесетін металдардың да айтарлықтай үлесі бар. Бұл – елдің ұлттық байлығын ашықтан-ашық талан-таражға салу, – деді ол.
ҚАЗАҚМЫС КІМНІҢ ҚОЛЫНДА
Айта кетейік, "Қазақмыс" корпорациясының иесі – Владимир Ким. Ол жыл сайын Қазақстандағы ең ауқатты кәсіпкерлердің қатарынан көрінеді. 2024 жылы Forbes нұсқасы бойынша Ким елдегі ең бай төртінші кәсіпкер атанды.
Бұған дейін Ulysmedia дереккөздеріне сүйене отырып, "Қазақмыс" басшылығы сегіз стратегиялық кен орнын сату бойынша келіссөздер жүргізіп жатқанын хабарлаған. Бұл кен орындарын сатып алуға мүдделі инвесторлардың арасында тағы да шетелдік компаниялар бар.